Қара алтын бағамы жаһанды алаңдатып отыр...
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта интернетті ашып қалсаңыз да, теледидар мен радионың нүктесін басып қалсаңыз да алдымен көретініңіз, еститініңіз - мұнай бағасының күрт төмендеуі, ресей рублінің құлдырауы. Мұнай баррелі долларды жетектеп алған. Нарық теңізіне бірге батады, бірге қалқып шығады. Көтерілсе, біз де қуанып қаламыз, өйткені бюджетімізге экономиканың өзге салалары қаржыны қасықтап құйса, мұнай ожаумен қотара салады. Осындайда елінің ертеңін ойлаған Елбасының көрегендігіне қалайша сүйсінбессіз. Мұнай бағасы шырқап 100 доллардың о жақ-бұ жағына шыққанда, таусылмайтын байлық көзі жоқ, әрі аумалы-төкпелі заманда бағаның құбылмасына кім кепіл. Болашағымыздың қамын естен шығармайық, экономикамыздың өрге сүйрер өзге салалары бізге қанағат деп Мемлекет басшысының Ұлттық қор құрған сәті еске түсетіні бар. Елінің ертеңін ғана емес, болашақ ғасырлардағы ұрпақтың қамын жеу десек те артық айтқандық болмас. Көршілес ресейліктердің рубль бағамын ұстап тұру үшін күн сайын миллиардтаған қаржысы жұтылып жатқанын көріп те отырмыз. Триллиондары бар алып елдің қаржылай қоры азайып барады. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, РФ экономикасы өрлеудің орнына кері кететін түрі бар. Әлемдегі жағдайды бағамдап отырған аузы дуалы сарапшылардың болжамы да осыған саяды.
Ал мұнай экспорттаушы өзге мемлекеттердің қалы нешік. Бұл арада алдымен тілге Венесуэла оралады. Мұхиттың ар жағындағы бұл елдің экономикалық жағдайына қарағанда ресейліктердің тыныс-тіршілігі көп-көрім тәуір тәрізді. Өйткені 2014 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі ең құнсызданған валюта рубль болмай шықты. Венесуэла боливары одан да қатты құлдырапты. Көп жылдан бері осы елдің үкіметі 1 долларды 6 боливар деңгейінде ресми түрде тежеп келген. Ал бүгінгі таңда Венесуэлада долларды 174 боливардан төмен бағаға сатып ала алмайсыз. Қазір бұл елдің халқы аса ауыр жағдайды бастан кешіп жатыр. Дүкендерде тауарлар жетіспейді. Заттар түсе қалған жағдайда аз ғана уақыттың ішінде тып-типыл болады. Бұл тіпті мұнай барелінің бағасы 110 доллар болған кезде де қылаң беріп қалатын. Ал мұнай 50 доллардан төмендеген кезеңде Венесуэлада халықтың тұрмыстық жағдайы мүлдем нашарлады. Көптеген дүкендер сатылатын тауардың болмауынан жабылып та жатыр. Мұнай бағасы құлдырағанынан кейін Венесуэла мемлекетінде валюта түгесілді, мұнымен бірге импорт та тоқтады. Венесуэла президенті Николас Мадуро елінің аса ауыр дағдарысты бастан кешіп жатқанын жоққа шығармайды. Бірақ дәрменсіз болып отыр. Ал дағдарысқа қарсы күресте бұл елдің үкіметінің нақты шараларды қолға алып жатқандығы жайлы сөз естілмейді. Бұның орнына тиісті саланың басшылары қиыншылықтың уақытша екендігін, көптеген кәсіпорындармен келісімшартқа отырғандықтарын, олардың шұғыл түрде өз өнімдерін нарыққа шығаратындығы жайлы айтқан құрғақ уәдемен шектелуде. Мадуро басты қиындық тудырып отырған азық-түлік тауарларының жетіспеушілігіне байланысты арнайы вице-президентті де тағайындады.
Шындығында Мадуро тек бір нәрсеге - мұнай бағасы жоғары көтерілетіндігіне сенетін тәрізді. Содан да болар, осы ойын тездетіп жүзеге асыру үшін түрлі мұнай астаналарына - Мехико мен Мәскеуден бастап Тегеранға және Эр-Рияд қалаларына арнайы сапармен барып та қайтты. Әр кездесуінде ол мұнай экспорттаушы елдердің көшбасшыларына бағаны көтеру мақсатында ұсыныстарын жеткізді, әдетте басты ұсынысы - сұранысқа жетелейтін өндіріс көлемін азайту. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) болжамына сәйкес мұнай бағасының құлдырау салдарынан 2015 жылы Латын Америкасы елдерінің экономикалық өсімі 1,3% дейін бәсеңдейді. Бәрінен бұрын мұнай бағасының әр 10 долларға төмендеуі елдің ішкі жалпы өнімінің 3,5%-ға қысқаруына соқтыратын Венесуэлаға аса ауыр тиіп отыр. Мұндай жағдайда оның экономикалық құлдырауы 7%-ды құрайды. ХВҚ Батыс жартышарындағы елдер департаментінің директоры Алехандро Вернердің (Alejandro Werner) айтуынша, биылғы жылда Венесуэла Оңтүстік Америка және Кариб бассейні елдеріне қарағанда көбірек зардап шегетін түрі бар. Өйткені, мұнай-газ секторы бұл ел үшін негізге кіріс көзі. PdvSA ұлттық мұнай компаниясы үкімет кірісінің жартысына жуығын және Венесуэланың экспорттық табысының 80% қамтамасыз етеді. Бұл ел Батыс жартышарындағы ең ірі мұнай қорына ие мемлекет. Әлемдік дәлелденген қордың 6,8% осында және бұл көрсеткіші бойынша дүниежүзінде Сауд Арабиясы, Ресей, Иран, Ирак және Кувейттен кейінгі 6-шы орында. Венесуэла көшбасшысы мұнайдың әділ бағасы бареліне 100 доллардан кем болмауы тиіс деп есептейді және ОПЕК квотасын төмендету үшін жанталаса әрекет етуде. Мұны да түсінуге болады, өйткені Венесуэлада мұнайдың бір барелін өндіру үшін 50 доллар шамасында шығын шығады. Бірақ, Парсы шығанағындағы бай елдер, атап айтқанда, Сауд Арабиясы оның ұсыныстарын елемей отыр. Бұлар да шығынға батуда, бірақ миллиардтаған қоры бар алпауыт елдер екі-үш жылға дейін шығынмен жұмыс істеуге бар. Ал мақсаттары - өздеріне бақталас болып отырған мұнай экспорттаушы елдер компанияларын тығырыққа тіреу, банкротқа ұшырату. Сондықтан өз өнімдерін экспортқа тоқтаусыз шығарып жатыр. Содан да болар мұнай өндіру көлемін сұранысқа сәйкестендіруді көтеріп жатқан елдер қатары көбейіп те келе жатқан сыңайлы.
Кей мәліметтер Slon.ru, Megapressa.ru сайттарынан алынды.
Ерлан ҚОЖАКЕЛДИЕВ