«Қара археологияны» кім қадағалайды?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 1 шілде, сейсенбі күні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қара археологияны» кім қадағалайды?» - баспасөзге шолу

***

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының «жасыл белдеуін» дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Н.Нығматулин, Қоршаған орта және су ресурстары министрі Н.Қаппаров, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов, Ақмола облысының әкімі С.Кулагин, Қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі Е.Нысанбаев қатысты. Кеңесте елорданың айналасында жасыл аймақ қалыптастыру жұмыстарының қазіргі ахуалы мен келешегі талқыланды. Бұдан соң Президент елорда маңындағы «Жасыл аймақ» РМК Қызылжар орман шаруашылығын аралап көрді. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы « Жасыл белдеуі жайқалған бас қала» атты мақаладан оқи аласыздар.

Осы басылымның жазуынша, «АҚШ-та Қазақстанның мәдениет күндері басталды. Өнермен биікке ұмтылып, осы ғажайып құбылыс арқылы халықтармен жақындасып, елдермен табысып, өсіп-өркендеу өрісі алысқа танылуы бүгінгі өміріміздің көрікті көрінісі десек, осыны жарқыратқан жаңалықтардың күн құрғатпай әлемнің әр қиырынан жетіп жатуы қалыпты жайға айналып тұруы да шындық. Соның ең бастысы, Мемлекет басшысының бастамасымен ел-елде Қазақстанның мәдениет күндері өткізілуі дер едік. Мұның алдында Индонезия астанасы Джакартаның өнерсүйер қауымымен қауышқан шара енді АҚШ-тың бас шаһарлары Нью-Иорк пен Вашингтонда жалғасты. Нью-Иоркте атақты «Карнеги-холл» концерт залында жиналғандар алдында Қазақстанның Мәдениет вице-министрi Асқар Бөрiбаевтың сөз сөйлеуiнен соң арнаулы бағдарламаның сәні мен салтанатын асыруға Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі мен Мемлекеттік хор капелласы, Қазақстанның өнер жұлдыздары Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы, Айгүл Қосанова, Жанат Бақтай сынды саңлақтар қатысты. Бұл жайында «Дала әуені әуеледі» деген материалда берілген.

***

«Көнекөз қариялардың аузымен айтылған аңыз-әңгімелер бір төбе де, тау-тасты қопарып, зерттеу жұмыстарын жүргізуі - бір бөлек дүние. Оны зерттеп-зерделейтін кімдер? Археолог дейтін бір қауым ел бар емес пе? Алматы облысынан алғашқы «Алтын адамды» тапқан кімдер? Тағы да археолог ғалымдар...»,-деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санында. «Алтын адамды» тапқан арнайы экспедиция. Арнайы экспедицияны жүргізген кімдер? Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тарих ғылымдарының докторы, ғылым мен техникаға еңбегі сіңген қайраткер Кемел Ақышұлы Ақышевтің қазба жұмыстары кезінде Есік қорғанынан табылды. Ол - 1969-70 жылдар болатын. Есіктен табылған «Алтын адам» біздің дәуірімізге дейінгі V-IV ғасырларға тиесілі. Бұл білікті ғалымдардың еңбегінің нәтижесі. Қазір археологиялық қазбалар жүйесіз жүргізіліп, «сүйек іздеушілер» де, әлдебір қаланың «елесін» іздеушілер де көбейіп тұр. Жаз болса болды, қолдарына күрек алып, ескерткіштерді қопаратындар да көп. Әлденені іздеп, қабір қазушылардың да көбейгенін айтып зар жылайды жұрт. Айдың-күннің аманында қорған қазып жүргендер кімдер? Ол қазылған жерлердің шұрық-тесік болып қалмасына кім кепілдік бере алады? Археологиялық қазба жұмыстарының жүргізілуіне бақылаушы мамандар бар ма? Осы жайында толық білгіңіз келсе, «Қара археологияны» кім қадағалайды?» атты мақаланы қарап шығыңыз.

Осы басылымдағы «Көкейдегі сауал» айдарында «Көп балалы аналарға кезексіз баспана беру мәртебесін қарастыру керек пе?» деген мәселе көтеріліп отыр. Бұл тұрғыда басылым бірқатар азаматшалардың пікірін алға тартуда. Оразгүл Асанғазы, Мәжіліс депутаты: - Елімізде демография мәселесін жолға қою үшін көп балалы аналарға жасалатын қамқорлықты барынша күшейу - құптарлық іс болар еді. Баспасөзден көп балалы аналардың қайдағы бір «үйшікте» тұрып жатқандығы туралы жиі оқимыз. Әрине, егер көп балалы әрбір отбасының жайлы да сайлы баспанасы болса, онда ата-ана бауыр еті баласын аман-сау өсіріп, адам қатарына қосуға әрекет етер еді. Егер келешекте көп балалы аналарға кезектен тыс пәтер берілсе, нұр үстіне нұр. Сонау бір жылдары кім бастамашы болғаны есімде жоқ, «Қарадомалақ-2000» деген жоба-бағдарлама жарияланып, сол жылы елімізде өмірге келген қарадомалақтардың саны бірнеше мыңдап арта түскен еді. Бәлкім, алдағы уақытта Үкімет немесе осы мәселеге жауапты министрлік осындай бір ұтымды әрі тиімді жоба-бағдарлама ойлап тауып, демография мәселесін көтеруге үлес қосар. Бұл - біріншіден. Екіншіден, қазіргі күні, Құдайға шүкір, Отан соғысының ардагерлерін баспанамен қамту, т.б.іс-шаралар толықтай жүзеге асырылып болып қалды. Ендігі жерде соғыс ардагерлері тәрізді көп балалы аналарға әлеуметтік жағдай жасау туралы мемлекеттік бағдарлама қабылдап, ол әрбір аймақ бойынша жүзеге асырылса, жөн болар еді.

***

«2007 жылдың 19 маусымында Семей қаласының тұрғындарын ерекше қуантқан жағдай болды. Осы қалаға жасаған іссапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаланың «Семипалатинск» деген атауын «Семей» деп өзгерту жөніндегі ұсынысын айтты. Елбасының бұл ұсынысы жұртшылық тарапынан қолдау тауып, маусымның 21-і күні «Семипалатинск» қаласын Семей деп қайта атау туралы Елбасының № 351 Жарлығы шықты. Сол уақыттан бері 7 жыл да сырғып өте шықты. Алайда бұл өзгеріс «Қазақстан Темір Жолына» еш әсер етпегенге ұқсайды. Мәселен, тәулік сайын Лениногорск-Астана бағытындағы № 375 пойызға Семейден отыратын жолаушыларға арналған билеттің әлі күнге дейін «Семипалат-Астана» болып көрсетіліп келе жатқаны таңғалдырады»,-деп жазады «Ана тілі» басылымы соңғы санында. Осы жайында газеттегі «Қазақстан Темір Жолы» Семипалатқа жармасып жүр ...» деген мақалада жан-жақты айтылады.

***

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Эра равнодушия» деген материал жарияланды. Алматылық сатушылардың 70 пайызы алкогольдік ішімдіктерді балаларға сататын көрінеді. Сонымен бірге өздерінің заңға қайшы іс-қимылдарына мүлдем ақылға сыймайтын түсініктер беруде. Дүкеншілердің көбісі спирттік ішімдіктерді тек 21 жасқа толған азаматтарға ғана сатуға болатынын білмейтін секілді. Бұндай көңіл көншітпейтін тұжырымды «Пивной дозор» акциясының қатысушылары жасап отыр. Бұл шара оңтүстік астанада осымен бесінші жыл өткізілуде. Журналистер, спортшылар, әртістер мен музыканттар жасөспірімдерге сыра сатып алу қаншалықты қолжетімді екенін білу үшін сауда орындарын аралап шығады.