«Қара құрлықтан тараған қауіпті дерт» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 14 тамыз, бейсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қара құрлықтан тараған қауіпті дерт» - баспасөзге шолу

***

Алматыда салынып жатқан «Сайран» мен «Мәскеу» метростансалары жерасты жолдарының арнасы бір-бірімен жалғасты, деп жазады « Егемен Қазақстан » бүгінгі санындағы « Түйісу » атты мақалада.

Басылымның атап өтуінше, алматылықтар үшін алтын уақытты үнемдеп, жолды қысқартып, көлік кептелістерін азайтып, ауаны тазартуда септігі өлшеусіз метрополитен құрылысында қуанышты оқиғалар орын алуда. Амандық болса, желтоқсанның алғашқы күнінде «Сайран» мен «Мәскеу» стансалары қалалықтар игілігіне беріледі.

Қазіргі кезде екі жаңа стансада негізгі конструкциялар мен инженерлік коммуникациялар орнатылып, сәулеткерлік әрлеу жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, стансадан шығатын өтпелер салынуда.

Метроның екінші кезегінің алғашқы кешенді жұмыстары республикалық бюджет есебінен, ал қосалқы шаруаларға, бұзу үшін, сатып алынатын үйлерге кететін шығындарға жергілікті бюджет қаражаты жұмсалуда.

Сол сияқты қала сәулетшілері жаңа стансалардың дизайнын да атына сай әрлеуді мақұлдап қойған. Мәселен, «Мәскеу» стансасы орыс халқының салт-дәстүрінен хабардар етер оюлармен безендірілсе, «Сайран» бекеті, таза классикалық тұрғыда безендірілуде. Жалпы, метрополитен басшылығы «қос бекетті бұдан бұрынырақ бітіруге мүмкіндік болғанымен, жер­асты жолының салынуына көше бойындағы тұрғындардан рұқсат алу біраз кедергі келтірді» дегенді алға тартады.

Ал бұдан кейінгі станса «Сарыарқа» деп аталады. Ол Абай мен Сайын көшесінің ортасынан орын тебеді. Келешекте қаладағы жерасты жолын Алматы-1 теміржол вокзалына дейін созу жоспарланып отыр. Оның бір тармағы «Қалқаман» шағын ауданына дейін жетеді.

Осы басылымның жазуынша, 7-10 тамыз аралығында Бугац қаласында (Мажарстан) Тұран халықтарының 3-ші құрылтайы өткізілді. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған делегация мұндағы қатысушы топ құрамының ең үлкені деп танылды. Мақала « Тұран халықтарының құрылтайы » деген тақырыппен берілген.

Аталмыш шараға Қазақстан тарапынан Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы, Мажарстан Парламентімен ынтымақтастық тобының басшысы С.Ақылбай, Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, Мажарстан Парламентімен ынтымақтастық тобының мүшесі Е.Мұқаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары У.Медеуов пен Т.Ибраев, Түрік академиясының президенті Д.Қыдырәлі қатысты.

Құрылтай көне дәстүрлердің сақталу, ежелгі мажарлық және өзге де көшпелі дала мәдениеттерін жаңғырту, ұлы ата-бабаларды еске алу тойы болып табылады. Шара кезінде дәстүрлерді сақтаушылардың көмегімен киіз үйлерден тұратын үлкен көшпелі ауыл құрылды.

Тұран халықтарының құрылтайы екі жылда бір рет ұйымдастырылады. Оның ұйымдастырушысы - мажарлық антрополог ғалым және ғылыми зерттеуші Андраш Жолта Биро бастаған мажарлық Тұран қоры. Биылғы құрылтай 160 мың қатысушының (соның ішінде 10 мың адам - шетелдік қонақтар) басын қосты.

Қазақстан делегациясы Опустер Ұлттық тарихи мемориалдық паркі ішіндегі саяхатқа қатысып, Бугац қаласының маңында «Аттила» киіз үйінің ашылу салтанатын, «Шығыс құйыны» шайқасының көрсетілімін, құрылтайдың концерттік бағдарламаларын тамашалады.

Құрылтай барысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Мажарстанның адами ресурстары министрлігінің Бас хатшысы Ритвари Бенцемен кездесті. Кездесу кезінде мәдениет және спорт салаларындағы ынтымақтастық мәселелері тал­қыланды. Екі мемлекет өкілі Қазақстан мен Мажарстан ара­сындағы мәдени байланыстарды нығайту мақсатында уағдалас­тықтар жасады.

Адами ресурстар министрлігі «Астана балет» жас ұжымын гас­трольге шақырды. Гастрольдер 2015 жылдың көктемінде Будапешт қаласының ірі концерт залдарында өтеді деп жос­парланып отыр. Қазақстан мажарстандық суретшілердің көрмесін ҚР Ұлттық музейінде келесі жылы өткізуге дайындалып, қазақстандық суретшілердің дәл сондай көрмесі Будапешттің белгілі залдары мен сарайларында ұйымдастырылады деп келісілді.

***

Жақында Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев билікке кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жетілдіруді жүктегені мәлім, деп жазады « Айқын » газеті бүгінгі санындағы « Жалпыұлттық қозғалыс ауыл жастарына бет бұрды » деген мақалада.

Басылымның атап өтуінше, Елбасының тапсырмасына сәйкес, енді Қазақстанда колледж шәкірттерінің өндірістік тәжірибеден өтуі міндетті болады. Бұл ретте елімізде дуальді білім беруді дамытуға бизнес кеңінен қатыстырылады. Осы іске демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы да белсене атсалыспақ ниетте. Бұл туралы кеше қозғалыс жетекшісі Д.Жұмин мәлімдеді.

- Біз бүгінде Білім және ғылым министрлігімен ынтымақтасудамыз, - деді ол. - Осы ведомствомен бірлесіп, «Жастар - Индустрияландыру үшін» атты жобаны жүзеге асыруға кірістік. Республика алдында қазіргі кезде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бойынша үлкен міндет-мақсаттар қойылуда. Бұл - үлкен жұмыс күшін талап етеді. Қазақстан өзін-өзі инженерлік, техникалық кадрлармен, жұмысшылармен қамтамасыз етіп алуы керек. Сондықтан Президент кәсіптік білім беру деңгейін арттыру қажеттігін баса айтты. Бірақ әртүрлі себептермен, әлі күнге қоғамда колледждерге түсу сәнге айналмай тұр.

Осы орайда қозғалыс «жұмысшы мамандығының» ел арасындағы беделін көтеруге күш салатын көрінеді. «Біз биылғы жазда жастарды жұмысшы кәсібіне, техникалық мамандықтарға тартумен айналысудамыз. Үлкен «кәсіби бағдарлау» жұмыстарын қолға алудамыз. Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға бардық, қандай өндіріс орындарында кәсіптік-техникалық мамандарға қаншалықты тапшылық барлығын сұрастырдық. Қандай көлемде жалақы төленетіндігін анықтадық. Бұл ақпараттарды осы мамандықтарға көңілі құлаған жастарға табыстадық. Біздің қозғалыс мүшелерінің бір бөлігі, мектеп түлектері биылғы жылы техникалық мамандықтарға түседі» деген Д.Жұмин солардың кейінгі тағдырын қадағалап, олардың «табыс тарихын» өзге жастарға үлгі-өнеге ететіндерін хабарлады.

«Қазақстан-2050» жал­пыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жұмин өз наси­хаттарына еріп, кәсіптік-техни­калық колледждерге түскен жас­тарға кейін «кадр жетпей жатқан өнеркәсіптік кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға көмектес­кілері келетінін» жария етті. «Бұл жобаны біз шартты түрде «Серпін» деп атап отырмыз» деді ол.

Қозғалыс Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, тағы бір жобаны қолға алуда екен. Ол «Зияткер ұрпақ» деп аталады.

«Қара құрлықтан» вакцинасы әлі табылмаған қауіпті дерт тарап келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күні кеше «Эбола» қанды безгегінен Батыс Африка мемлекеттерінде көз жұмған жандардың саны мыңнан асқандығы туралы мәлімет таратты, деп жазады « Айқын » газеті юүгінгі санындағы « Қара құрлықтан тараған қауіпті дерт » атты мақаласында.

Басылымның жазуынша, әзірге жұқпалы індетке қарсы тұрарлық ем де, екпе де болмай тұр. Алғашқы ошағы былтыр қыста пайда болған қауіпті безгек Батыс Африканың Гвинея мемлекетінде тіркелген еді. Қазіргі кезде көршілес Либерия, Сьерра-Леоне сынды мемлекеттерде кеңінен таралып отыр. Өткен аптада Нигерияда жағдай ушығып бара жатқан соң, төтенше жағдай жариялаған. Оны жұқтырғандардың саны 1848-ге жетіп, 1013 адам қайтыс болған.

Қара құрлықтан тараған қауіпті дерт бүгінде кәрі құрлыққа жетті. Жақында «РБК агенттігі» 75 жастағы дін қызметкері Мигель Пахаресті Либериядан бірнеше күн бұрын Испанияға алып келіп, ол Карлос III госпиталінде қайтыс болғандығы туралы ақпарат таратты. Миссионер отанына қауіпсіздік шаралары сақталған арнайы ұшақпен жеткізілген. Дін қызметкеріне АҚШ ғалымдарының «Zmapp» тәжірибелік препаратын бергенімен, оның беті бері қарамаған. Пахарес бұл безгектен қайтыс болған бірінші еуропалық емес. Либерияда одан басқа 2 дін қызметкері көз жұмған. Сондай-ақ АҚШ-та да осы вирусты жұқтырған екі адам тіркелген.

Эбола қанды безгегі - тез таралып, 90 пайызында өлімге әкеп соқтыратын қауіпті індеттердің бірі. Оның таралу жолдары өте көп. Ауа арқылы, вирус жұқтырған жанмен тікелей байланыс, оның ұстаған заттары, қаны арқылы жұғуы мүмкін. Безгек тудыратын «Эбола вирусы» 1976 жылы ашылған. Содан бері ірі бірнеше эпидемияның себепкеріне айналды. Заирдегі Эбола өзенінің аймағында анықталғандықтан, осы атауды иеленген. Эболаның ошақтары көбінесе Орталық және Батыс Африканың шалғай ауылдарында пайда болады.

Вирус ағзаға түскен соң, 8-10-шы күндері алғашқы белгілерін беріп, ауру тез дамиды. Адамның басы ауырып, қан құсып, іші қан аралас өтіп, бұлшық еттері ауырып, көз, мұрын, құлақтан да қан кететін көрінеді. Дене температурасы 39-40 градустан түспейді. Артынан құрғақ жөтел мен кеуде тұсында ауру пайда болуы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Эбола безгегін халықаралық дәрежедегі аса қауіпті індет деп бағалап отыр. Өйткені оған қарсы тұрарлық ем жоқтығы өз алдына, вирус өте жылдам таралатын көрінеді.

Африкадағы жағдай асқынып бара жатқандықтан, жақында ДДСҰ ешқандай клиникалық зерттеуден өтпеген тәжірибелік екпелерді қолдануға рұқсат берді. Женевада өткен жиында медициналық этика саласының сарапшылары адамдарға салынбаса да, өзінің тиімділігін дәлелдеген препараттарды пайдалану туралы шешім қабылдады. Бұл кездесуге америкалық үкіметтік емес ұйымының екі кызметкерінің жағдайы себеп болған. Олар аса ауыр вирусты Либерияда жұқтырып, АҚШ-қа әкелінген. Олардың ем-домына бұрын тек маймылдарға салынған тәжірибелік вакциналар қолданылған. Нәтижесінде пациенттердің жағдайы оңалып, қоғамда түрлі сұрақтарды туындатты. Неге бір елдің азаматы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп, ал басқалары қауіпті вирустан қырылуы керек? Басы қатқан мамандар амалсыз «тәжірибелік екпелерді пайдалану этикаға сай» деп тапты. Екпе адам ағзасына енген соң қандай әсер беретіні де беймәлім.

Алайда «Правда.ру» сайтының жазуына қарағанда, ДДСҰ кейбір ақпарат құралдары таратқан ұйымның бас директоры Маргарет Чень АҚШ-тан Либерияға тәжірибелік екпелер партиясын жөнелтуге рұқсат бергендігі жөніндегі ақпаратты жоққа шығарған. Басылымның жазуынша, барлық елдер қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин әлемде Эбола безгегін жұқтырғандардың саны күннен-күн­ге артып отырғанын ескере отырып, елдегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығын сақтау үшін, безгек өршіп тұрған мемлекеттерде эпидемиялық жағдай тұрақтанғанша жоспарланған сапардан бас тартуға шақырады. ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, қазір еліміздегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Сондай-ақ еліміздің эпидемиологтары Сыртқы істер министрлігінен Эбола безгегі таралған елдерге сапар шегетін жандардың тізімін алуға қолғабыс беруі туралы өтініш жолдаған.

***

"Время" газетінің жазуынша, Астана қалалық сотында елордалық жоғары оқу орындарының бірінің студент қызын сессия кезінде басқаларға көмектесем деп ақша алып, алдап соққаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырды. Мақала «Страсти по анатомии» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, 22 жастағы Самал Қожанбаева өзінің курстастарына емтихандағы мәселелерді шешіп беруге уәде етіп, ақша жинап, жоғалып кеткен. Алаяқтың құрығына жалпы саны 26 студент іліккен. Алайда, басылымның басты назар аударғаны, бір студенттің қылмыстық таланты ашылғаны емес. Мәселенің мәнісі, С. Қожанбаева Амтана медицина университетінің студенті болып шықты. Яғни осы алаяққа ақша жинап беріп, сессияларын жеңіл жолмен жаппақшы болғандар да болшақ дәрігерлер және олар көп ұзамай біз бен сізге өздерінің университет қабырғасында жиған "білімін" пайдаланатын болады, деп жазады басылым.