«Қара жорға» арқылы халық төл өнерін әлемге өзі паш етті

АНА. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат /Бақытжол Кәкешұлы/ - Осыдан біраз уақыт бұрын Қытайдағы қандастарымыз күллі қазақтың мерейін көтеріп, «Қара жорға» биін Гиннестің рекордтар кітабына енгізгені туралы сүйінші хабар берген едік.  ҚазАқпарат осы игі істің басы-қасында жүріп ұйымдастырған Шынжаңдағы (ҚХР) Алтай аймағы Шіңгіл ауданының мәдениет мекемесінің

«Қара жорға» арқылы халық төл өнерін әлемге өзі паш етті

   бастығы Мейрамбек Кәкіпұлымен сәті түскен сұхбатты назарға тартады. 

- Мейрамбек Кәкіпұлы, қазақтың дәстүрлі «Қара жорға» биін 10 мыңнан астам адам билеп шығып, Гиннестің дүниежүзілік рекордын жаңалағанын естіп, әлем қазақтарының қуанбағаны жоқ. Осы бір халқымыздың дәстүрлі өнері жайында сіз не айтар едіңіз?

   - Қазақтың халықтық ән-биі «Қара жорғаның» Гиннеске жол тартуы шындығында ұлтымыздың мәдени өміріндегі тың серпіліс, тамаша құбылысқа айналды. Осындай халқымызға абырой, даңқ сыйлаған бидің шығу тарихына үңіліп, түп қазығын іздеу бұл жақтағы  зерттеушілердің  біраз жылдардан бері  айналысып жүрген шаруасы. Менің білуімше,  «Қара жорға» биін аталуына қарап, жорға аттың жүрісіне еліктеуден немесе жеке бірер адамдардың кеңесінен туындаған дүние деп ойламаймын. Бұл нағыз халықтың замандардан бері келе жатқан дәстүрлі өнер туындысы. Әрине, осы биден бұрын «Қара жорға» аталатын күйдің өмірге келгені ақиқат. Күйдің пайда болуы туралы халық ортасында айтылып жүрген аңыздар өте көп. Соның бірі ерте кезде қазақ пен моңғол арасындағы даулы мәселемен екі жақтың билері сөз қағыстырған, осыны қазақ пен моңғолдың күйшілері жеке-жеке күйге айналдырған дейді. Ал биге келсек, ұлтымызда бұрын би болмаған деп айта алмаймыз. Халқымыздың тіршілік ортасымен үндесіп жатқан «Асау үйрету», «Аю биі», «Салкүрең» сияқты билеріміздің ешкімнің ақыл-кеңесінсіз, халық өзі тудырған билер екеніне шүбә келтірмесіміз анық. Сол сияқты «Қара жорға» биі де халықтың туындысы. Ол қазақ биінің атасы дер едім.

      - Естуімізше, Қытай үкіметі мемлекеттік деңгейдегі «Бейзаттық» мәдени мұра бағдарламасы аясында қазақтың «Қара жорға», «Қызқуар», «Қобыз» сияқты дәстүрлі өнер-салттарын қорғауға алған екен. Осы «Бейзаттық» мәдени мұра туралы түсіндіре кетсеңіз?

 - «Бейзаттық» мәдени мұра рухани ұлттық байлықтарды қорғауға арналған жаңа жоба. Оған Қытайда жасап жатқан 50 ден астам ұлттың  салт-дәстүрлерінің талданып, сараланған нұсқалары енгізіледі. Біз өз ауданымыздан ұлтымызға қатысты 56 түрлі «Бейзаттық» мұраны тіркеп отырмыз. Оның ішінде қазақтың Киіз үй мәдениетінен бастап, апаларымыздың саба пісіп, құрт-май алуы, ер-азаматтардың мал сою өнеріне дейін қамтылған.

 - «Қара жорға» биін қалың көпшілік болып билеу идеясы қалай туындады?

- Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттік деңгейдегі «Бейзаттық» мәдени мұра бағдарламасына сараланып алынған аз санның ішінде «Қара жорға» да бар. Осыны аудан басшыларына аңыс ете отырып,  «Қара жорғаны» халық ортасына кеңірек насихаттау, ұрпақтар санасына сіңіру мақсатында мерекелік шара ұйымдастырылып,  «Қара жорғаны» 1000 адам билеп шықса деген ұсыныс жасадық. Бұл шаруамызға басшылық келісім берді. Сонымен алғашқы дайындық жұмысына да кірісіп кеттік. Қызық сосын басталды,  дайындық алаңындағы «Қара жорға» биінің ырғақты әуенін естіген көшедегі жұрт бізге қарай ағылды. Олар «қазақтың  «Қара жорғасына» біз де билейміз» деп, қатарымызға қосылып жатты. Не керек, адам саны содан 5 мыңға жетті. «Қара жорғаны» Гиннестің дүниежүзілік рекордтарына жолдасақ болады екен» деген идея ойға сол кезде түсті.

 - Демек, осы бір игі істің орындалуына сондағы халықтың белсенділігі ықпал еткен екен ғой....

 - Иә, дәп солай. Халық өзінің төл өнерін әлемге өзі паш етті. Жағдай  осылай өрбігесін,  біз Гиннес рекордтарының Шаңхай қаласындағы бөлімшесіне хабарластық. Олар адам саны 9 мыңға жету керек деген шарт қойды. Алғашында біраз адамдарымыз «ұйымдастыруға көп қаржы жұмсалады, тіпті  20 мыңнан астам ғана адам тұратын аудан қалашығында 10 мың адамды биге шығарамыз  дегеніміз қалай болар екен» деген қарсы пікірлерін де білдірді. Бұған қоса, осыншама адамға ұлттық немесе біртүсті киім тауып кигізу де бас ауыртатын шаруа еді. Ақыр соңында басшылардың қолдауымен жалпы халық болып атқа қонған соң, бұл шаруалар да ақырындап ретке келді. Адам санын қалашыққа жақын орналасқан ауылдардың тұрғындарымен толықтырдық. Киімге келсек, қазақтардың әр отбасында 2-3 тен ұлттық киім бар болып шықты. Енді ойласам, сол кездері қазіргі қазақ отбасыларының арасында ұлттық киім байқауын да өткізген сияқтымыз.

 - Адам санынан басқа тағы қандай шарттарды орындау керек болды?

  - Осылардың барлығын алғашқы адымда дайындап, шаруаны дөңгелентіп әкетеміз деген сеніміміз болғаннан кейін Шаңхайдағы бөлімшенің  адамдарына шақырту жібердік. Олар келіп, топтық бидің жалпы жобасын жасап берді. Содан екі жақ тоқтамға қол қойысып, өткізіп алатын күні белгіленді. Біздің тарапымыздан осы халқаралық ұйымға  өтініш жазылды.  

 - Көп адам билеген бидің сапасына сенім арта алдыңыздар ма? Естумізше, басқа ұлт адамдары да бар екен. Барлығы бірдей биді толық меңгеріп кетуі қиын ғой?

 - Бұл жақтағы қазақтарды «Қара жорға» биін кәрі-жас демей билеп шығуға дайын тұрған ерекше қосынға теңесек, артық айтқандық емес. Би халық арасына өте кең таралған. Ал басқа ұлттарға келсек, мұндағы тұрғылықты халықтардың басым бөлігін қазақтар ұстайды. Қазақтың түрлі той дастарқанының дәмін татқан сол ағайындардың да, ортаға шығып «Қара жорға» биін билеп көргендері толып жатыр екен. Сондықтан аса бір қиыншылыққа кезікпедік. Мекемеміздің кәсіптік бишілері 2 ай бойы өз деңгейінде  үйрету жұмыстарын жасады.

 - «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» деген сөз осындайға айтылған  шығар. Енді тойдың болғанын әңгімелеп берсеңіз?

 - Бұл мәні мен маңызы зор қимыл тамыздың 30-ы күні Шіңгіл қалашығының негізгі 4 алаңында бір уақытта басталып биленді. Көпшілік айтылған уақытында алаңға жиналып, барлық іс ретімен сәтті өрістетілді. Алдын ала дайындалған жоспар бойынша, бишілер қаз-қатар тізіліп, бір орында да тұрып қалмай, адамдар шоғыры биді билей жүріп, түрлі формалар бейнелеп көрсетіп жатты. Сол күндері көшеде адамдар неше күн бойы қазақи ұлттық киімдерімен жүрді. Қазақтың өткен ғасырлардағы бейнесі өз қалпында осы қоғамға да жатырқаусыз, сәнді де салтанатты үйлесім тауып тұрғандай көрініс берді. Үлкендер салиқалы, сабаз қалып танытса,  қыз-жігіттер тіптен жайнап, құлпырып кеткендей сезілді. Міне, осылайша 13288 адам қатысқан «Қара жорғаның» аламаны Гиннестің әлемдік рекордтарында топ жарды. Жоғарыда аталған халықаралық ұйым адамдары мен басқа қалалардан келген әділет саласының заңгер мамандары билеп шыққан адам санын нақтылап,  әділ, заңды түрде өткенін қуаттап берді.

- Қуанышыңыз да шек болмаған шығар?

 - Мен осыны ұйымдастырған әрі билеп шыққан адамдардың бірімін. Жасаған еңбегің нәтижелі аяқталса, ұлтыңның дәстүрлі өнері әлемге танылып жатса, неге қуанбасқа! Қуанышымызда шек болған жоқ. Жер-жерден құттықтаған телефондар мен хаттар толассыз келіп жатты. Қазақстаннан да телефон шалғандар болды. Оларды өзім танымаймын, телефон нөмірімді қайдан алғанын да білмеймін. Жалпы, бұл мерекелі іске барлық қазақ атаулы қуанып жатқанына шүбә келтірмеймін. Ал сөз соңында айтарым,  бұл жеке бір адамның немесе бір мекеменің ғана орындай салатын шаруасы емес. Үлкен іс тындырдық деп айтар болсақ, оны көпшіліктің ортақ еңбегінің нәтижесі деп қарауымыз керек. Ауданның партия хатшысы Жау жие, аудан әкімі Тату Жанайұлы сияқты басшылардың қолдағанына және биге қатысқан әрбір жеке тұлғаның белсенділікпен жасаған еңбегіне алғысымыз шексіз.