ҚАРАБУРА ӘУЛИЕ КЕСЕНЕСІ
Қарабура әулие кесенесі, Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласынан 257 шақырым жерде, Созақ ауданының Созақ ауылында орналасқан.
Қарабура әулие кесенесі 1997 жылы қайтадан жаңартылып салынған. Кесене ақ кірпіштен өрілген, әрқайсысы сегіз қырлы екі бөлмеден тұрады. Төбесі - күмбезді, бірінші бөлмесі 100 шаршы метр, төбесі ашық екінші бөлмедегі ескі кесене ХІV ғасырда тұрғызылған. Қарабура әулиенің зираты осы ескі кесенеде. Еске кесене шой тастан құралған, ірге тас үстіне қам қыш қаланып, қабырғалары саз балшықпен сыланған. Пішімі текше көлемді құрылыстың төбесі күмбезге айналған. Күмбездің жоғарғы жағында жарық кіретін төрт саңылау орнатылған. Алдыңғы беті тегіс, жылтыр. Солтүстік жағындағы кіре берістегі екі қабырғасына төртбұрышты терең екі қуыс орнатылған. Төрт бұрышты бөлме ішіндегі белдеулеріндегі дуалға сүйір қуыс жасалған. Күмбез шатырлақ әдіспен өрілген. Ортасына қам қыштан құлпытас орнатылған.
Ескі кесененің оң жағында Құрбан ата сүйегі жерленген, басында белгі тасы бар. Оның жанында Мұхаммед Пайғамбар (с,ғ.с), Арыстан баб, Қожа Ахмет Иасауи, Ысқақ баб (Баба ата), Бабай Түкті шашты Әзіз бабалардың зираттары басынан әкелінген топырақтар қойылған қара мәрмәр тас белгілер бар. Ескі кесененің арт жағында Ақназар хан, Белгібай қажы, Шілмембет би, Құлтас би, Қожамқұл ғұлама, Дәулет-Қарабура батыр, Шахасум-ахун (шырақшы) сияқты белгілі адамдар жерленген, олардың бастарына қара мәрмәр тастар қойылған. Кесененің биіктігі 17 метр. Есігі күн батысқа Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне қаратылған. Биік күмбез қышпен өрілген. Кесененің сыртында әлемдегі ислам діні әулие-ғұламаларына құрмет, тағзым деген тақырыпта орналастырылған пантеон (қорым) бар. Онда бүкіл түрік елдерінің белгілі тұлғаларының зираттары басынан топырағы әкелініп, олардың аты жазылған қара мәрмәр белгі тастар қойылған. Кесененің шығыс жағында қазақ халқының белгілі сазгері, күйші Сүгір Әлиевке күмбез орнатылған. Сол жағында Қарабура әулиенің түйесі шөккен жерге түйе мүсінінің ескерткіш белгісі қойылған.
Қарабура әулие кесенесінің жалпы аумағы 240 шаршы метр.
Қарабура (шамамен ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген) - оғыз-қыпшақ заманындағы діни қайраткер, әулие. Кіші жүздің Тама руынан шыққан. Шу, Талас, Сырдария, Еділ, Жайық өзендерінің бойында өмір сүрген. Қарабура сахара тұрғындарының арасында қалыптасқан өмір салттың шырқын бұзбай ислам дінін, оның наным-сенімдерін орнықтыруға ат салысқан. Ол сопылық ілімнің ірі өкілі Қожа Ахмет Иасауимен мүдделес болған. Қарабура аруағын иісі түркі жұрты құрмет тұтады. Оның Созақтағы кесенесі Орта Азия халықтары үшін киелі орынға айналған.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 5 том.