Қарағанды 2028 жылы ТМД-ның жастар астанасы атанады
АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды қаласы 2028 жылғы ТМД-ның жастар астанасы болып жарияланды, деп Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев хабарлады.
— ТМД Үкімет басшылары кеңесінің бұл шешімі — Қазақстанның халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудағы беделіне берілген жоғары баға әрі Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан жастарды қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі. Бұл — Қарағанды облысы үшін үлкен мәртебе әрі өңіріміздің әлеуетіне көрсетілген зор сенім, — делінген әкімнің жазбасында.
Қарағанды облысы әкімінің мәлімдеуінше, бүгінде облыста 303 мыңнан астам жастар өмір сүреді.
— Олар — білімге ұмтылған, ел дамуына бей-жай қарамайтын, бастамашыл әрі талантты жастар. Дәл осы буын еріктілер қозғалысын, ғылым мен білімді, кәсіпкерлік пен қоғамдық бастамаларды жаңа деңгейге көтеріп келеді. ТМД-ның Жастар астанасы мәртебесі Қарағанды үшін халықаралық жастар ынтымақтастығын кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және ауқымды жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Әкім бұл жауапты міндетті абыроймен атқарып, халықаралық деңгейдегі жобаны жоғары дәрежеде ұйымдастыратынына сенім білдірді.
— Барша Қарағанды облысының тұрғындарын және Қазақстан жастарын осы айтулы жаңалықпен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің болашағы — жас ұрпақтың білімі мен жігерінде, қажыры мен жасампаздық рухында, — деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында құны 42,5 млрд теңге болатын фармацевтикалық зауыт салынатынын жаздық.