Қарағанды мен Павлодардағы өрт: тұрғындарды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қазақстанның екі облысында – Қарағанды мен Павлодарда өрт сөндіріліп жатыр. Теректі ауылында жедел штаб құрылып, Қарқаралы ауданы мен Қарағанды облысының әкімдері оқиға орнында жүр.

Штаб жұмысына 386 адам тартылды. Төтенше жағдайлар министрлігі, ТЖД және басқа да департаменттер мен қызмет қызметкерлері, 64 бірлік техника, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің тікұшағы жұмылдырылған.
Осы ретте Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов қазір әлеуметтік желілерде түрлі көмек ұйымдастырып жатқандар туралы ескертті.
«Қазір әлеуметтік желіде қаржы жинау, көмек көрсету бойынша ақпарат таратылып жатыр. Жауапты адамдарсыз ұйымдастырған көмек дұрыс емес екенін ескерткім келеді. Қазіргі уақытта күш-құралдар жеткілікті. Сарбаздардың тамағы, демалатын орындары, жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілген», - деді Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов Instagram парақшасында.
Айта кетейік, Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі Қарағанды облысында тұтанған дала өртіне байланысты тың мәліметтерді жариялады.