Қарағанды облысында 120 камера жүргізушілердің телефон қолдануын тіркей бастады
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Өңірде жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу мүмкіндігі кеңейтілді. Енді жүргізушілерге көлік жылдамдығына ғана емес, автокөлік салонында болып жатқан жағдайға да мұқият болуға тура келеді.
Қыркүйек айының басынан бастап Қарағанды облысындағы 120 аппараттық-бағдарламалық кешен көлік қозғалысы кезінде жүргізушілердің телфон және радиостанция пайдалануын, сондай-ақ жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздік белдігін тақпауын тіркей бастады. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша қаулылар автоматты түрде толтырылады.
Бұған дейін кешендер негізінен жылдамдық режимін бұзуды тіркеген. Қазір өңірде 198 жылдамдық өлшегіш жұмыс істейді. Оның 28-і — мобильді, қалғаны — стационарлық құрылғылар.
Автокөлік басқару кезінде телефон пайдаланғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 591-бабына сәйкес 5-тен 15 АЕК-ке дейін (21 625-тен 64 875 теңгеге дейін) айыппұл қарастырылған. Қауіпсіздік белдігін пайдалану талаптарын, оның ішінде жолаушылар тарапынан сақтамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабына сәйкес 5-тен 10 АЕК-ке дейін (21 625-тен 43 250 теңгеге дейін) айыппұл салынады.
Қарағанды облысының полиция департаменті көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану жол-көлік оқиғасына ұшырау ықтималдығын едәуір арттыратынын атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, мұндай жағдайда апат қаупі төрт есе артады. Ал Қарағанды қаласында жол-көлік оқиғаларының шамамен әрбір үшінші жағдайы жүргізушілердің гаджетке алаңдауымен байланысты.
Назардың бірнеше секундқа бөлінуінің өзі ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Мәселен, көлік сағатына 60 шақырым жылдамдықпен келе жатқанда, бес секунд ішінде шамамен 100 метр жол жүреді. Осы уақыт аралығында жүргізушінің назары жолға емес, басқа нәрсеге ауып кетуі мүмкін.
Кешендердің тағы бір жаңа функциясы — қауіпсіздік белдігін тақпағандарды автоматты түрде тіркеу. Полицияның мәліметінше, қауіпсіздік белдігін пайдалану жол-көлік оқиғасы кезінде қаза болу қаупін шамамен 50%-ға төмендетеді. Жыл басынан бері өңірде болған жол-көлік оқиғаларынан 550-ден астам адам жарақат алған, олардың 100-ден астамы апат кезінде қауіпсіздік белдігін тақпаған.
Полиция жүргізушілерді тек өз қауіпсіздігін ғана емес, жолаушылардың да жол қозғалысы ережелерін сақтауын бақылауға шақырады. Әсіресе балаларға ерекше көңіл бөлу қажет. Баланы автокөлікте тасымалдау кезінде тиісті балаларды ұстап тұратын құрылғыны пайдаланып, оны қауіпсіз әрі сенімді түрде бекіту керек.
Жолға шығар алдында жүргізушілерге өздері қауіпсіздік белдігін тағып, жолаушылардың белдігін таққанын тексеру, балалардың автокреслода дұрыс орналасуын қадағалау, телефонды алып қойып, көлік жүргізу кезінде оны пайдаланбау ұсынылады. Егер қоңырауға жауап беру немесе гаджетті пайдалану қажет болса, рұқсат етілген жерде көлікті тоқтату керек.
Полиция департаменті камералардың функцияларын кеңейтудегі басты мақсат — құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолдардағы қауіпсіздікті арттыру екенін атап өтті.
Бұған дейін Теміртауда 1575 камера арқылы тәулік бойы бақылау жүргізетін орталық ашылғанын хабарлаған болатынбыз.