Қарағанды облысында егін жинау науқаны аяқталуға жақын

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағанды өңірінде күзгі жиын-терім қызу жүріп жатыр. Ауа райының құбылмалы болуына қарамастан, диқандар биыл шамамен бір миллион тонна астық жинап, тұқымдық қорды толық қамтамасыз етіп, сонымен бірге картоп пен көкөністен мол өнім қалыптастыруды көздеп отыр.

Қарағанды облысында егін жинау науқаны аяқталуға жақын
Фото: Kazinform

Биыл облыста дәнді дақылдарға 915 мың гектарға жуық жер бөлінген. Оның басым бөлігі – бидай (779 мың гектар). Қалған алқаптарға арпа, сұлы және дәнді-бұршақ дақылдары егілді. Диверсификация аясында майлы және мал азықтық дақылдарға да көңіл бөлінді.

25 қыркүйектегі жағдай бойынша, егістіктің 637 мың гектарынан астық жиналып, жоспардың 70 пайызға жуығы орындалды. Орташа өнімділік – гектарынан 11,2 центнер. Қоймаларға 715 мың тоннадан астам астық жөнелтілді. Сонымен қатар 20 мың тоннадан аса майлы дақыл, 211 мың тонна картоп және 17 мың тонна көкөніс алынған. Жиын-терім жұмыстары қыркүйектің соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. 

Биыл картоп алқабының көлемі 15 мың гектарға жуықтады. Көкөністер 2 мың гектарда өсірілді. Картоптың өнімділігі гектарына 253 центнерден шықты. Бұл – шамамен 271 мың тонна. Мұндай көрсеткіш ішкі нарықты толық қамтып қана қоймай, азық-түлік қорын қалыптастыруға да жеткілікті.

Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне дизель отыны литрі 250 теңгеден жеңілдетілген бағамен ұсынылуда. Барлығы 20 мың тонна көлемінде жанар-жағармай қарастырылған.

Өнімді сақтау мәселесінде де алаңдаушылық жоқ. Қазіргі таңда облыстың астық қоймалары 1,2 миллион тоннаға дейін өнім сақтай алады. Ал картоп пен көкөніске арналған сыйымдылығы 340 мың тонна болатын 138 арнайы қойма жұмыс істейді.

Егін жинау мен келер көктемгі егіс науқанының үздіксіз өтуі үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. «Кең дала» бағдарламасы аясында 250-ге жуық шаруашылыққа 14 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді.

Сондай-ақ «ҚазАгроФинанс» арқылы 583 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Биылғы субсидия көлемі 5 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл қаражат тұқым, тыңайтқыш, пестицид және су жеткізу шығындарын өтеуге бағытталған.

Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет пен қаржы институттарының алдына көктемгі егіс жұмыстарын уақытында қолға алу туралы міндет қойып, осы тапсырманы жүзеге асыру және қолдау шараларын жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстар аясында биыл «Кең дала 2» бағдарламасына өтінім қабылдау 2025 жылғы 1 қазаннан басталатыны жайлы хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар