Қарағанды облысында көші-қон заңнамасын бұзған азаматтар анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды облысында полиция көші-қон заңнамасының талаптарына бақылауды күшейтті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Қарағанды облысында полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді.
Кейінгі бір апта ішінде өңір аумағында көші-қон заңнамасын бұзудың 200 дерегі тіркелді. Оның 100-і Қазақстан Республикасында болу тәртібін сақтамаған шетел азаматтарына қатысты. Тағы 100 құқық бұзушылық Қазақстан азаматтары тарапынан жасалған. Олардың қатарында көші-қон заңнамасының талаптарын бұзған қабылдаушы тұлғалар мен жұмыс берушілер бар.
Аталған фактілердің барлығы бойынша әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды.
Қарағанды облысы полиция департаменті көші-қон қызметінің бастығы Арман Уәлиевтің айтуынша, көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау жұмыстары тұрақты негізде жалғасын табады.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда көші-қон заңын бұзған 35 шетелдік елден шығарылған еді.