Қарағанды облысында жабық жол учаскелерінен 600-ден астам көлік қауіпсіз жерге шығарылды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты жабылған автожолдардан полицияның ұйымдасқан сүйемелдеуімен 600-ден астам көлік қауіпсіз аймақтарға жеткізілді.

Қарағанды облысында жабық жол учаскелерінен 600-ден астам көлік қауіпсіз жерге шығарылды
Видеодан алынған кадр

Республикалық маңызы бар автожолдарда көктайғақ пен қолайсыз метеожағдай салдарынан қозғалыс қиындап, көлік кептелісі қалыптасты.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды облысындағы республикалық маңызы бар автожолдарда көлік қозғалысы уақытша шектелді. Ауа райының күрделенуіне байланысты Қарағанды — Балқаш және Балқаш — Қарағанды бағыттарында 600-ден астам көлік жиналды.
Жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қарағанды облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны мен аумақтық бөлімшелердің күштері жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері көліктерді кезең-кезеңімен ұйымдасқан түрде сүйемелдеп, жолдың ең қауіпті бөліктерінен шығарып отырды.

Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, осы кезеңде полицияның жеке құрамы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық бере отырып, күшейтілген режимде қызмет атқарды.

— Біздің негізгі міндетіміз — азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ автожолдарда төтенше жағдайлардың алдын алу. Осы бағытта барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр, — деп атап өтті ол.

Шектеу енгізілген уақытта кейбір азаматтар наразылық білдіргенімен, полиция қызметкерлері қозғалысқа тыйым салу тек қауіпсіздік мақсатында енгізілетінін түсіндірді.

— Ресми шектеулерге қарамастан, жабық жол учаскелеріне шығуға әрекет жасаған жағдайлар анықталды. Мұндай әрекеттер адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді, — деді Жасқайрат Қайыров.

Демалыс күндері жабық жолға шыққаны үшін төрт жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция департаментінде бұл мәселеге қатысты ұстаным өзгеріссіз болатынын атап өтті: енгізілген шектеулерді елемеудің кез келген фактісі қатаң түрде тоқтатылып, құқық бұзушылар заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Бұған дейін еліміздің бірнеше өңірінде автокөліктің барлық түрі үшін қозғалысқа шектеу енгізілгені хабарланған болатын. 

Видео: Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар