Қарағанды облысында жанып жатқан үйден 8 газ баллоны шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды облысы Новодолинский кентінде жеке тұрғын үй мен оған жапсарлас салынған үш шаруашылық құрылыста өрт шықты. Бұл туралы ТЖМ мәлім етті.
Оқиға орнына ТЖМ күштері жедел жетті. Алғашқы бөлімшелер келген кезде тұрғын үй ішіндегі ағаш конструкциялар, жиһаз бен тұрмыстық заттардың жанып жатқаны анықталды. Сондай-ақ шаруашылық құрылыстарының бірінің жабындысы 15 шаршы метр аумақта опырылған.
— Өртті сөндіру барысында ашық жалынға, қою түтін мен жоғары қауіпке қарамастан, ТЖМ құтқарушылары жанып жатқан аумақтан көлемі 27 литр болатын 8 газ баллонын жедел түрде сыртқа шығарып, ықтимал жарылыстың алдын алды, — делінген ТЖМ хабарламасында.
Өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Бұған дейін ШҚО-да өртенген жер үйден әйел адамның денесі табылғанын жаздық.