Қарағанды облысында жеті адамның өмірін қиған жол апатына кінәлі жүргізушіге сот үкімі шықты

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағанды облысы сотында «Алматы – Екатеринбург» трассасында биыл жазда жеті адамның өмірін қиған жол апатына қатысты іс бойынша үкім шықты. Сот жүргізушіні жол жүру ережесін бұзды деп танып, оны бес жылға бас бостандығынан айырды.

Бұрынғы Индустрия вице-министріне қатысты сот үкімі шықты
Фото: Kazinform

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жеті адамның өмірін қиған жол апатына қатысты қылмыстық іс қаралды. Қайғылы оқиға 2025 жылғы 5 шілдеде «Алматы – Екатеринбург» автожолының Балқаш қаласына жақын, 791-шақырымында болған.

Сот анықтағандай, Kia Sedona автокөлігінің жүргізушісі басқа машинаны басып озу кезінде жол белгілеріне және жолдың жағдайына мән бермеген. Бұрылу кезінде ол көлік құралдарының салмағын өлшейтін жабдық орнату үшін қазылған шұңқырға түсіп кеткен. Салдарынан минивэн темір қоршауға соғылып, өртеніп кеткен. Көлікте отырған жеті жолаушы оқиға орнында қаза тапқан. Ал жүргізуші мен тағы бір жолаушы әртүрлі жарақаттармен Шет ауданының ауруханасына жеткізілген.

Сот процесі барысында ер адамның кінәсі толық дәлелденді. Бұған айыпталушының өз мойындауы, куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындылары және өзге де іс материалдары дәлел болды.

Прокурор жүргізушіні бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Жәбірленушілердің бірі қаталырақ жаза қолдануды талап етсе, қалғандары айыптаушы тараптың ұстанымымен келіскен.

Сот жүргізушіні ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша — «Жол жүру ережелерін бұзу, абайсызда жеті адамның өліміне әкеп соқтыру» бабымен кінәлі деп таныды. Үкім шығару кезінде сот айыпталушының кәмелетке толмаған баласы бар екенін және оның шын ниетпен өкініп отырғанын ескерді.

Нәтижесінде ер адам бес жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейтін болды. Сонымен қатар ол жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар