Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында мың гектар аумақты өрт шарпыды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында табиғи өртпен күрес жалғасып жатыр. Қызыл жалын елді мекендерге қауіп төндірмегенімен, өртті ауыздықтауға 140 адам мен 24 техника жұмылдырылды.
Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында, Кежек ауылдық округінің аумағында табиғи өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Өрт Ақши ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан таулы аймақта және Ақтоғай ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының аумағында шыққан.
Алдын ала мәлімет бойынша, тілсіз жау 1090 гектар жерді шарпыған. Оның шамамен 1000 гектары мемлекеттік орман қорының аумағына тиесілі.
Қазіргі уақытта өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығы мекемелерінің күштері мен техникасы жұмылдырылған.
Жалпы өртті сөндіруге 140 адам мен 24 техника тартылды. Оның ішінде ТЖД-дан 42 адам мен 7 техника, жергілікті атқарушы органдардан 78 адам мен 13 техника, орман шаруашылығы мекемелерінен 20 адам мен 4 техника жұмыс істеп жатыр.
Құзырлы органдардың мәліметінше, қазіргі таңда елді мекендерге қауіп жоқ. Жағдай Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында.
Осыған дейін Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында Жаңатоған ауылы маңында құрғақ өсімдіктердің жануын сөндіру жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлаған болатынбыз.