Қарағанды облысының спорт басқармасындағы жанжалға қатысты тексеріс басталды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды қаласындағы спорт нысандарының бірінде Серік Сәпиев пен оның орынбасары арасында болған жанжалға байланысты тексеріс жүреді.
Атап айтқанда, қызметтік тексеру мен басқарманың қызметіне кешенді аудит тағайындалған.
— Жағдайды жан-жақты әрі әділ зерделеу мақсатында спорт басқармасында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті тарапынан қызметтік тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар басқарманың қызметіне кешенді аудит жасалады, — делінген Қарағанды облысы әкімі аппаратының баспасөз қызметі таратқан ресми хабарламада.
Еске салсақ, Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, екі ер адам арасында алдымен ауызша келіспеушілік туындап, ол кейіннен төбелеспен аяқталған. Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде «Ұрып-соғу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Аталған баптың санкциясы айыппұл салуды, қоғамдық жұмыстарға тартуды немесе 25 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды көздейді. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбады.