Қарағанды шахтасындағы оқиға: Франция және Қырғызстан президенттері көңіл айтты

шахта
Фото: Kazinform

Франция президенті Эмманюэль Макрон мен Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров Костенко шахтасындағы төтенше жағдайдан қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына көңіл айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі. 

«Қазақстанға ресми сапарыма, қазақ халқына деген достық қарым-қатынасымды көрсетуге бірнеше күн қалғанда ел шахталарының біріндегі қайғылы жағдай туралы хабар келді. Шахтада қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын», – деп жазды Эмманюэль Макрон Facebook желісінде.

1 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келетінін жазған болатынбыз. 

Садыр Жапаров бүтін қырғыз жұрты атынан көңіл айтты. 

«Қазақстанның Қарағанды облысы Костенко атындағы шахтада болған апат салдарынан адамдардың көз жұмуына байланысты барлық қырғыз халқының және өз атымнан қайғыра көңіл айтамын.

Орны толмас қазаға ортақпыз, мерт болғандардың отбасылары мен жақындарына төзімділік және берік болуды тілейміз. Зардап шеккендердің барлығына жылдам сауығып кетуге тілектеспін», - деді Қырғызстан президенті.

Сондай-ақ Түркия Сыртқы істер министрлігі Facebook-тегі ресми парақшасы арқылы Қазақстан халқына көңіл айтты.

«Қазақстандағы шахтада апат болғанын күйзеліспен қабылдадық. Қаза болғандардың жақындарына көңіл айтамыз және зардап шеккендерге тезірек сауығып кетуді тілейміз.

Түркия дос әрі бауырлас ел – Қазақстан үкіметімен және халқымен әрдайым бірге екенін жеткіземіз», - делінген жазбада.

Еске салайық, бүгін түнде Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды. Сағат 17.33-тегі мәлімет бойынша 33 кеншінің денесі табылды,13 адам іздестіріліп жатыр.

29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырма берді. Кейін Үкіметтің баспасөз қызметі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның меншік құқығын ҚР меншігіне қайтару туралы келісімшарттың аяқталуға жақын екенін мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар