Қарағанды-Сұрыптау станциясында жол монтері қаза тапты
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағандыдағы теміржолда қайғылы оқиға тіркелді. 3 мамырға қараған түні жол монтері көз жұмды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайын полиция мен «Қазақстан темір жолы» мамандары анықтап жатыр.
Қарағанды-Сұрыптау теміржол станциясындағы адам өліміне қатысты оқиға бойынша тергеу басталды. Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, абайсызда адам өліміне әкелген теміржол көлігін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
— Биылғы 3 мамыр күні Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы көліктегі полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ведомстводан.
Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқан азамат жол монтері болған.
Оқиғаға байланысты «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ да түсініктеме берді.
— 2026 жылғы 3 мамырда сағат 02:03-те Жаңа-Қарағанды станциясында жол монтерін басу оқиғасы болды. Оқиға туралы Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөліміне хабарланды. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Оқиға орнына компанияның бас инженері барды, - деп мәлімдеді компания өкілдері.
Сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» компаниясында тексеру қорытындысы бойынша оқиғаға құқықтық әрі өндірістік тұрғыда ресми баға берілетінін атап өтті.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, іс бойынша өзге ақпарат әзірге жария етілмейді.
Осыған дейін ҚТЖ биылғы жылдың бірінші тоқсанында теміржол өткелдерінде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары саны 30%-ға төмендегенін мәлімдеген болатын.