Қарағанды жолдарын 80 патруль мен 160 полицей тәулік бойы бақылауда ұстайды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысындағы автожолдарда ауа райының күрт нашарлауына байланысты қозғалыс уақытша шектелді. Полиция қызметкерлері тәулік бойы жол жағдайын бақылап, көліктерді қауіпсіз өткізу шараларын жүргізіп жатыр.

полиция, жол жабылды
Фото: Абай облысы ПД

Жаңбыр мен күшті жел салдарынан облыста республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда барлық бағытта қозғалыс уақытша шектелді.

Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін патрульдік полиция батальоны күшейтілген қызмет режиміне ауыстырылды. Қазіргі таңда 80 экипаж бен 160 полиция қызметкері тәулік бойы жол жағдайын қадағалап, көліктерді қауіпсіз өткізуге жауапты.

Бүгін таңертеңнен бастап полицияның ілесіп жүруімен: Қарағанды — Теміртау бағыты бойынша 500 автокөлік, Теміртау — Қарағанды бағыты бойынша 300 автокөлік, Ақмола облысының шекарасына дейін 1 200 автокөлік қауіпсіз өткізілді. 

— Біздің басты міндетіміз — азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Осы мақсатта өңір автожолдарында барлық қажетті қауіпсіздік шаралары қабылданды, — деді Қарағанды облысы Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов.

Полиция тұрғындар мен қонақтарды уақытша шектеулерге түсіністікпен қарап, жол қозғалысының заң талаптарын орындауға шақырады.

Қолайсыз ауа райында жүргізушілерге ұзақ сапардан бас тарту, жол белгілерін қатаң сақтау, жылдамдық режимін және қауіпсіз арақашықтықты сақтау ұсынылады.

Төтенше жағдайларда дереу полиция қызметкерлеріне жүгіну қажет.

Бұдан бұрын Павлодар және Қарағанды өңірлерінде жол қозғалысы шектелгенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар