«Қарағанды–Астана», «Астана-Бурабай» — жаңа екі электропойыз бағдары ашылады
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде алдағы маусым және қыркүйек айларында екі жаңа электропойыз бағдары ашылады. Бұл туралы Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов айтты.

— Мемлекет басшысының Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, қаңтар айынан бастап Астана–Бурабай курорты бағыты бойынша жаңа вагондардан құралған жедел электр пойызы іске қосылды. Оның жол жүру уақыты — 2,5 сағат. Осындай жаңа электр пойызы осы жылдың жазында, маусым айында Қарағанды–Астана бағыты бойынша іске қосылады. Қосымша үшінші электропойыз «Астана-Бурабай курорты» бағытында жолға шығады, — деді ол ОКҚ алаңында.
Сондай-ақ комитет басшысы 2024 жылдың 4-тоқсанынан бастап Қарағанды мен Павлодардан Бурабай курортына дейінгі электр пойыздарының бағыттары ұзартылғанын атап өтті.
Айта кетейік, бүгін Сиань–Алматы бағытында жолаушылар пойызы жолға шыққанын жазған едік.