Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қарағандыда 500 маман бейімделген спорт бағытын меңгереді

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін спорттық орта қолжетімді бола түсуде. Өңірде мамандар даярлау, арнайы секциялар ашу және әлеуметтік бейімделу мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстар қатар жүргізілуде. 

Қарағандыда 500 маман бейімделген спорт бағытын меңгереді
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Қарағанды облысында жыл соңына дейін 500-ге жуық дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бейімделген дене шынықтыру негіздері мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу әдістемесі бойынша арнайы оқытудан өтеді. Нәтижесінде өңірдегі әрбір мектепте осы бағытта дайындықтан өткен кемінде бір маман жұмыс істейтін болады.

Қарағандыда 500 маман бейімделген спорт бағытын меңгереді
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Бұл бастама инклюзивті білім беруді жүйелі дамытуға бағытталған жұмыстардың жалғасы саналады. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мүгедектігі бар балалардың ата-аналарымен тұрақты түрде кездесіп, салалық ведомстволармен бірге олардың өзекті мәселелерін талқылап, шешу жолдарын қарастырып келеді.

Жаңа оқу жылынан бастап бейімделген дене шынықтыру пәні Қарағанды қаласындағы екі колледждің білім беру бағдарламасына енгізіледі. Бұл болашақ дене шынықтыру мұғалімдеріне оқу барысында қажетті теориялық білім мен практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.

Қарағандыда 500 маман бейімделген спорт бағытын меңгереді
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Сонымен қатар мүгедектігі бар жасөспірімдердің қоғамға бейімделу мүмкіндіктері артып келеді. Былтыр «Жасыл ел» еңбек жасақтарының пилоттық жобасына 10 адам қатысса, биыл бұл көрсеткіш 50 адамға дейін өсті.

Қазір Қарағанды қаласында «Әсет Инклюзив» қоғамдық бірлестігі жанындағы «Бізбен бірге бол» интеграциялық орталығының базасында инклюзивті еңбек жасақтары жұмыс істеп жатыр. Облыс әкімі бұл жобаны жыл бойы жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Batyl Jureg қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Гаухар Әкіжанованың айтуынша, облыс әкімімен өтетін кездесулер ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасылары үшін маңызды мәселелерді шешуге ықпал етеді.

— Бұл тек бір баланың немесе бір қаланың мәселесі емес. Біз ортақ түйткілдерді талқылап, салалық ведомстволармен бірлесіп шешім қабылдауға тырысамыз. Аудандар мен қалалардың өздері бастама көтеріп, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорт бағыттарын дамытуға қызығушылық танытып отырғаны қуантады. Көптеген ұсыныстарымыз қолдау тауып жатыр, — деді ол.

Өңірде бейімделген спорт түрлерін дамыту жұмыстары жалғасуда. Биыл Осакаров және Бұқар жырау аудандарында жеңіл атлетика секциялары ашылды. Сондай-ақ Саран қаласында, оның ішінде жүзу бағыты бойынша спорттық топтардың жұмысы жалғасып келеді.

Бұдан бөлек, менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған бейімделген жүзу бағдарламалары кеңейтіліп, жеңіл атлетика секцияларындағы орын саны көбейтілді.

Қарағандыда 500 маман бейімделген спорт бағытын меңгереді
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Маңызды бастамалардың бірі — Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі базасында даму ерекшеліктері бар балаларға арналған жазғы лагерьдің ұйымдастырылуы. Алғашқы маусым ата-аналар тарапынан оң бағаланып, болашақ мамандар үшін тәжірибе жинақтайтын тиімді алаңға айналды.

Сондай-ақ бұған дейін өткен кездесулердің бірінің нәтижесінде Теміртауда мүгедектігі бар балаларға қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі енгізілді.

Қарағандыда 500 маман бейімделген спорт бағытын меңгереді
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

— Жыл сайын оңалтуға, арнайы бағдарламаларға және қолжетімді спорттық сабақтарға мұқтаж балалар саны артып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан инклюзивті ортаны одан әрі дамытып, сабақтардың сапасын арттыруға және осындай жобаларды қолдауға басымдық береміз. Ата-аналармен ашық диалог нақты мәселелерді анықтап, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.