Қарағандыда 7 гектар жер өртеніп, қалаға түтін жайылды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында аптап ыстық пен қуаңшылыққа байланысты табиғи өрт қаупі сейілмей тұр. Қарағандыда құрғақ шөп тұтанып, соның салдарынан қаланың кей бөлігінде түтін иісі сезілген. Өрт орнына құтқарушылар жіберіліп, оны сөндіруге жергілікті атқарушы органдардың күші мен техникасы да тартылды.

Қарағандыда 7 гектар жер өртеніп, қалаға түтін жайылды
Видеодан алынған кадр

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Әлихан Бөкейхан ауданындағы «Восток» шағынауданының Сахалин учаскесінде бұталар мен құрғақ шөп өртенген. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт шамамен 7 гектар аумаққа тараған.

— Қазіргі уақытта өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тілсіз жаумен күреске 35 маман мен 8 техника жұмылдырылған. Құтқарушылар тұрғындарды сабыр сақтауға шақырады, — делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Желдің бағытына қарай түтін иісі қаланың әр бөлігінде сезіліп тұр. Мамандар оқиға орнында жұмыс істеп, өртті ауыздықтау үшін қажетті шараларды қабылдап жатқанын мәлімдеді.

ТЖД қызметкерлері табиғат аясында демалған кезде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың маңыздылығын еске салады. Ашық жерде сөндірілмеген отты, темекі тұқылын және басқа да от көздерін қалдырмау қажет.

Бұған дейін Қарағанды облысында бірнеше ауданда дала өрті пайда болып, салдарынан екі адамды күйік шалғаны хабарланған болатын. 

Соңыра Қарқаралы ауданындағы өртті сөндіруге тікұшақ жұмылдырылғаны мәлімделді.