Қарағандыда адамдарды қайыр сұрауға мәжбүрлеу бойынша сотталғандардың жазасы өзгерді

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облыстық соты мүгедек азаматтарды жүйелі түрде қанады деп айыпталған топқа қатысты қылмыстық істі қайта қарады. Апелляциялық алқа тергеу органдары ұйымдасқан қылмыстық топтың барын дәлелдей алмағанын атап, айыптың бір бөлігін алып тастады және төрт сотталушының бәріне шығарылған бастапқы үкімді едәуір жеңілдетті.

Қайыр сұрау
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Облыстық сот мүгедектерді қайыр сұрауға мәжбүрлеген қылмыстық топқа қатысты іске нүкте қойды. Алқа тергеу материалдарын саралай келе, ҚК-тің 262-бабы («ұйымдасқан қылмыстық топ құру, басқару және оның әрекетіне қатысу») бойынша тағылған айыптауларды дәлелсіз деп таныды. Соның нәтижесінде барлық төрт сотталушы бұл бап бойынша толық ақталды.

Аталған іс бойынша төрт адам сотталды. Тергеу мәліметінше, олардың бірі қылмыстық топ құрды деп, қалғандары оның құрамында болды деп айыпталған еді. Сондай-ақ қылмыскерлерге дәрменсіз күйдегі екі азаматты жүйелі түрде қанады, күш көрсетіп ұстап отырды деген айып тағылған.

2025 жылғы 26 мамырда мамандандырылған ауданаралық сот алғашқы үкім шығарып, болжалды ұйымдастырушыны 17 жылға, басқа үш адамды 12 жылдан бас бостандығынан айырған болатын. 

Алайда апелляциялық алқа сотталғандар мен олардың қорғаушыларының шағымдарын зерделей келе, тергеудің бірқатар қорытындысын негізсіз деп тапты. «Ұйымдасқан қылмыстық топтың бар екеніне жеткілікті дәлел ұсынылмаған» деп көрсетіп, айыптаудың осы бөлігін жойды.

Сонымен бірге сот қалған айыптарды қайта саралап, оларды дәрменсіз адамдарды қанауға қатысты басқа баптар бойынша түзетті. Нәтижесінде басты сотталушыға 11 жыл түпкілікті жаза тағайындалды. Ол жазасын қатаң режимдегі мекемеде өтейтін болды.

Қалған үш адамға алты жылдан бас бостандығынан айыру жазасы бекітілді. Олар орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемелерінде жазасын өтейді.

Сот жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорының пайдасына өндірілетін соманы да қайта қарап, 110 760 теңгеден 73 840 теңгеге дейін қысқартты. Бұған қоса, басты айыпталушыға белгіленген мәжбүрлі төлем толығымен күшін жойды.

Апелляциялық алқа тергеу барысында қылмыстық-процессуалдық заңнаманың бұзылғанын анықтап, полиция мен прокуратураға жеке қаулы шығарды.

Осылайша, бірінші инстанцияның үкімі өзгертілген нұсқада заңды күшіне енді.

Соңғы жаңалықтар