Қарағандыда алты балаға жасалған қорлық: прокурор 12 жылға дейін жаза сұрады
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда патронаттық тәрбиедегі балаларға қатысты қатыгездік көрсету ісі бойынша сот жарыссөзі басталды. Мемлекеттік айыптаушы айыпталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алты баланы патронаттық тәрбиесіне алған ерлі-зайыптылар мен олардың кәмелетке толған қызына қатысты іс қаралып жатыр. Іс бұған дейін қосымша тергеуге қайтарылған болатын.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Қарқаралы ауданындағы педагогтер отбасы балалар үйінен алынған балаларды бес жыл бойы жүйелі түрде қорлаған. Оларға ауыр шаруашылық жұмыстарын істетіп, мал бақтырған, ұрып-соғып, аш ұстап, қорлық көрсеткені айтылды.
Тергеу мәліметінше, патронаттық тәрбиедегі балаларды болмашы тентектігі үшін ұрып-соғып, тезек араласқан нан жеуге және иттің үйшігінде ұйықтауға мәжбүрлеген. Сондай-ақ сотта балалардың үстіне қайнаған су құйылып, қызған темір көсеумен күйдірілгені де айтылды.
Дәрігерлер балалардың бірінің денесінен 19 тыртық, ал екіншісінен 47 тыртық анықтаған. Зардап шеккендердің бірі бұған дейін сотта өзін кілемге орап, үстінен секіргенін, содан есінен танып қалғанын айтқан еді. Осыдан кейін балаға басына бірнеше ота жасалып, кейін мүгедектік рәсімделген.
Қазіргі жарыссөз барысында талқыланған мәселелердің бірі — балалардың бірінің патронаттық отбасыға берілгенге дейінгі денсаулық жағдайы болды.
Жарыссөз барысында прокурор жәбірленуші балалардың айғақтарына күмән келтіруге негіз жоқ екенін айтып, олар кешенді сот-психологиялық сараптамамен расталғанын жеткізді.
— Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған бала бұған дейін қандай да бір психологиялық ауытқуларға шалдықпаған, жағдайды дұрыс қабылдап, өзіне қатысты жасалған әрекеттердің мәнін түсіне алған. Ал болған оқиғалардан кейін оның психикалық ауытқуы пайда болған, — деді прокурор сотта.
Алайда куәгерлердің бірі балалардың патронаттық отбасына берілгенге дейін денсаулығында ақау болғанын мәлімдеді.
— Бастапқыдан-ақ баланың сырқат екені байқалды. Ол өте тұйық болды, ешкіммен сөйлеспейтін және үнемі теміржол жаққа қашып кететін. Анасы оның бала кезінен ауыратынын айтып, ауруханаларға апарып жүргенін айтқан, — деді куәгер.
Ал жәбірленушілердің өкілі бұл пікірмен келіспей, медициналық құжаттарда балалардың денсаулығы қалыпты болғанын алға тартты.
— Медициналық кітапшада басқа баланың тегі көрсетілген, ал жазбалардың басым бөлігінде баланың сау екені жазылған. Тек жекелеген белгілер басқа қаламмен және басқа түспен толтырылған. Сондай-ақ шығу тегі түсініксіз жапсырылған жазба да бар, — деді жәбірленушілердің өкілі.
Сонымен қатар сотта отбасының ауылға көшуіне қатысты жаңа жайттар белгілі болды. Сот отырысында айтылғандай, отбасы әкімнің өтінішімен қоныс аударған, алайда отағасы жергілікті мектепке директор етіп тағайындауды шарт ретінде қойған. Оқиға болған кезеңде ер адам ауыл мектебін басқарғаны белгілі болды.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушы ер адамға 12 жыл, оның жұбайына 10 жыл, ал қызына 4 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сондай-ақ әрбір балаға 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы өндіруді талап етті.
Бұдан бұрын Қазақстанда зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған көмек кабинеттері ашылатынын жазғанбыз.