Қарағандыда азық-түлік бағасын көтерген 70-тен астам кәсіпкерге айыппұл салынды

АСТАНА.KAZINFORM — Қарағандыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын және сауда ережелерінің сақталуын тексеру жалғасып жатыр. Рейд барысында ондаған кәсіпкерге айыппұл салынып, ескертулер берілді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары транзитіне бақылау күшейді
Фото: Сауда комитеті

Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын қадағалау күшейтілді. Тексеру жұмыстары аймақтағы ірі базарларда жүргізілді. Мамандар сатушылардың сауда және салық заңнамасын сақтауын, сондай-ақ баға қалыптасу механизмдерін тексерді.

Бұған дейін өңірде өнім бағасының өсуіне әсер ететін делдалдық схемаларды анықтаумен айналысатын арнайы комиссия жұмыс істеген болатын. Жаңа тексерулер осы жұмыстың жалғасы болып отыр.

Негізгі мақсат — бағаны қалыптастыру жүйесін айқын ету және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың негізсіз қымбаттауына жол бермеу. Басты назар «Сауда қызметін реттеу туралы» заңының талаптарын сақтауға аударылды.

Рейд кезінде мамандар бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. Тексеру нәтижесінде 21 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сауда нүктелерінің иелеріне анықталған бұзушылықтарды жою туралы ескертулер берілді.

Бақылаушы органдардың мәліметінше, биыл жыл басынан бері Қарағанды облысында 81 бизнес субъектісі тексерілген, 73-іне әкімшілік шара қолданылған. Олардың қатарында көтерме жеткізушілер, супермаркеттер және дүкендер бар.

Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 2 миллион теңгеден асты. Мамандар өңірдегі сауда желілерін қадағалап, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың негізсіз қымбаттауына жол бермеу мақсатында жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Айта кетейік, Қызылордада сұйытылған газ бағасының өсуі түсініспеушілік туғызды.

Сондай-ақ Абай облысында көмір бағасын қымбаттатқан компанияға айыппұл салынды.