Қарағандыда бір бейітке байланысты екі отбасы дауласып жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысында бір жарым жыл бұрын жерленген әйелдің мәйіті қайта қазып алынды. Бір қабірде өз туысы жатыр деп сенген екі отбасының арасындағы дау сотқа дейін жетіп, ақыры эксгумация жасау туралы шешім қабылданған. Енді көптің көкейіндегі күмәнге нүктені сот-медициналық сараптама қоюға тиіс.

Қарағандыда бір бейітке байланысты екі отбасы дауласып жатыр
Фото: Туыстарынан

Қарағанды облысындағы зираттардың бірінде бір мазардың басына жиналған екі отбасы да дәл осы жерде өз жақыны жерленгеніне кәміл сенімді. Қос тарап та марқұмдарға құран бағыштау үшін молда ертіп келген. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен әкімдік өкілдері қатысып, эксгумация рәсімінің заң аясында өтуін қадағалады.

Тергеушілер жерлеу рәсіміне қатысқан азаматтардан жауап алып, тараптардың уәждерін мұқият тыңдады. Мұндай жағдайдың сирек кездесетінін құқық қорғау органдары өкілдерінің өздері де жасырмады.

Сотқа жүгінген Қарағанды тұрғыны Айгүл Жамиленованың айтуынша, анасын осы зиратқа бір жарым жыл бұрын жерлеген. Алайда араға бірнеше ай салып қабір басына келгенде, бейіттің қоршалып, өзге адамның аты жазылған құлпытас орнатылғанын көріпті.

– Қарсы тарап марқұмның бойы шағын болғанын айтады. Бірақ менің анам да толық адам емес еді. Сондықтан қазір нақты кесіп айту қиын. Дегенмен дәл осы жерде анам жатқанына еш күмәнім жоқ. Егер сараптама нәтижесі басқаша шықса, барлық шығынды өз мойныма аламын. Жерлеу рәсіміне отыздан астам адам қатысты. Мұндай жағдайда орын шатастыру мүмкін емес деп есептеймін, – дейді Айгүл Жамиленова.

Ал екінші отбасы да өз дәлелдерін алға тартып отыр. Олардың айтуынша, Айгүл Жамиленованың анасы жерленгеннен кейін бір апта өткен соң дәл осы орынға өз туыстарын қойған. Тіпті жерлеуден кейін түсірілген бейнежазбалары да бар екен. Айтуларынша, олар қабірге жиі келіп, дұға бағыштап тұрған, кейін қоршауын орнатқан.

– Біз марқұмды жерлегеннен кейін қабірді арнайы лентамен қоршап, белгілерін қалдырғанбыз. Олар желтоқсанда келдік дейді. Сонда біздің белгілерімізді алып тастап, орнына өздерінкін қойғаны ма? Сотта да олардың сөздері бір-біріне сәйкес келмеді. Әруақты тыныш жатқызбай, қабірді қайта қазуға мәжбүрлегені жанымызға қатты батты. Бұл бізге де ауыр моральдық соққы болды, – дейді Құралай Майлыбаева.

Қос тараптың да өз шындығы бар. Алайда дәл қазір бұл жерде бір ғана мүрде жатқаны белгілі.

Бір жарым жылдан кейін қайта ашылған қабірден алынған мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Мамандар қорытындыны бір ай шамасында жариялауы мүмкін. Сол кезде ғана бір қабір үшін дауласып отырған екі отбасының қайсысы қателескені анықталады.

Бұған дейін ақтөбелік тұрғын бір отбасы мүшелері үшін зираттан орын алып қалмақ болғанын жаздық.