Қарағандыда екі көлік соққан жаяу жүргінші мерт болды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Карағандада ер адамды екі автокөлік бірінен соң бірі қағып, салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында жан тапсырды. Құзырлы органдар қазір оқиғаның барлық себебі мен мән-жайын жіті зерттеп жатыр.
Қайғылы оқиға 14 қараша 20:30 шамасында қаланың бір көшесінде тіркелді. Облыстық полиция департаментінің алдын ала деректеріне қарағанда, 46 жастағы ер адам жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған. Сол сәтте Ермеков көшесімен келе жатқан Skoda маркалы автокөліктің 37 жастағы жүргізушісі оны қағып кеткен. Соққының екпінімен жаяу жүргінші қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына құлап, дәл осы кезде 20 жастағы жүргізуші тізгіндеген ВАЗ көлігі оны екінші рет қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан алған ауыр жарақатар алған ер адам медицина қызметкерлері келгенше көз жұмған.
Полиция департаменті аталмыш дерек бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді. Тергеушілер екі жүргізушінің әрекеттерін, сондай-ақ қайғылы оқиғағае әкелген барлық жағдайларды жан-жақты тексеріп жатыр.
Бұған дейін Қарағанды облысында жеті адамның өмірін қиған жол апатына кінәлі жүргізушіге бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғаны хабарланған болатын.