Қарағандыда есірткіге қарсы акция кезінде 2 мыңнан астам граффити жойылды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды қаласында «Есірткіге қарсы бірге күресейік» ұранымен кең көлемді есірткіге қарсы акция өткізілді.
Іс-шараны қалалық полиция басқармасы ұйымдастырды. Науқанның негізгі мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы тұрақты ұстаным қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамды есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алуға жұмылдыру. Акцияға техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің 500-ден астам студенті, сондай-ақ еріктілер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараның маңызды бағыттарының бірі есірткі жарнамасын жою болды. Қарағанды қалалық полиция басқармасының басшысы Шахназар Салиннің хабарлауынша, бірлескен жұмыстар нәтижесінде тыйым салынған заттарды таратуға арналған интернет-ресурстарға сілтемелері бар 2 мыңнан астам есірткі граффитиі боялып, жойылды.
Сонымен қатар акция барысында тұрғындар арасында кең ауқымды түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Қала тұрғындарына есірткі зияны, есірткі қылмыстарына қатысқандарға қатысты қылмыстық жауапкершілік және олардың таралуына қарсы іс-қимыл тәсілдері түсіндірілді. Ақпараттық және танымдық материалдар таратылды.
Полиция акцияға белсенді қатысқан және азаматтық жауапкершілік танытқан барлық қатысушыға алғыс білдірді. Шахназар Салиннің айтуынша, есірткі қылмыстарының алдын алу және оларға қарсы күрес шаралары өңірде жүйелі түрде жалғасын табады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында есірткі жарнамалаған 115 сайт бұғатталғанын хабарлағанбыз.