Қарағандыда полицейлер автокөлік ұрлығын «ізін суытпай» ашты

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды қаласында патрульдік полиция полкі қызметкерлері автокөлік ұрлығына күдіктіні жедел ұстап, құқық бұзушылықтың алдын алды, деп хабарлайды Polisia.kz.

автокөлік ұрлығы
Фото: Polisia.kz

15 тамыз күні таңертең «102» арнасына Н. Әбдіров көшесіндегі үй ауласынан Toyota Carina автокөлігінің ұрланғаны туралы хабар түскен. Ақпарат дереу қаладағы барлық патрульдік экипаждарға жеткізілді.

Көп ұзамай іздестіріліп жатқан көлік Ерубаев көшесіндегі жанармай құю бекетінен байқалды.

Полицейлерді көрген жүргізуші қашпақ болған. Осы маңдағы қосымша нарядтар жұмылдырылып, үйлесімді іс-қимылдың арқасында көлік тоқтатылып, күдікті ұсталды.

Көлікті 26 жастағы қала тұрғыны басқарғаны анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 200-бабы (Көлік құралын ұрлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция тұрғындарға заңды сақтау қажеттігін ескертіп, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары тәулік бойы жүргізілетінін атап өтті.

Айта кетейік, Алматыда ірі көлемдегі пәтер ұрлығы ашылды.

Соңғы жаңалықтар