Қарағандыда шетелдік студент жатақханада көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағандыда медициналық университеттің шетелдік студенті жазатайым оқиғадан қаза тапты.

Қарағандыда шетелдік студент жатақханада көз жұмды
Фото: Freepik

Қайғылы жағдай 17 наурыз күні қаладағы жатақханалардың бірінде болған. Қаза тапқан 21 жастағы жігіт медициналық университеттің халықаралық факультетінде соңғы курста оқып жүрген.

Алдын ала мәлімет бойынша, ол Үндістан азаматы болған. Оқиғадан кейін студенттің денесі туған еліне жіберілген.

Белгілі болғандай, студент жатақхананың бесінші қабатында тұрған. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, сол жерден құлап кеткен.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

– 17 наурыз күні Қарағандыдағы жоғары оқу орындарының бірінің 21 жастағы студентінің бесінші қабаттан құлап, көз жұму дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу аясында барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді, – деп мәлімдеді ведомство.

Жоғары оқу орны да оқиғаны растады.

– 17 наурыз күні жатақханада студенттің биіктен құлау фактісі болды. Соның салдарынан студент қайтыс болды. Қазіргі таңда оқу орнындағы моральдық-психологиялық ахуал тұрақты, – деп хабарлады университет өкілдері.

Ресми мәліметке сәйкес, тергеу аяқталып, қылмыстық іс заңнамаға сәйкес тоқтатылған.

Айта кетейік, бұған дейін Қызылордада жатақханада қаза тапқан 16 жастағы студенттің өліміне қатысты тергеу басталғаны хабарланған болатын.