Қарағандыда жаңа туған сәбилер «саудасына» қатысты іс қаралып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қарағандыда жаңа туған балаларды делдал арқылы бөтен отбасыларға беру ісіне қатысты көпшілік назарын аудартқан сот процесі аяқталуға жақын. 

Сот үкімі
Фото: Pixabay.com

Бұл іс қоғамда қызу пікірталас тудырып, бала сату мен баланы сыйға тарту арасындағы шекараның қаншалықты көмескі екені талқылануда.

Сот алдында бірнеше адам жауап беруде: көп балалы ауыл тұрғыны, перинаталдық орталықтың қызметкері және балаларды асырап алғысы келген екі ерлі-зайыпты.

Тергеу нұсқасына сай, әйел адам 2022 және 2023 жылдары дүниеге келген екі сәбиді — қыз бен ұлды — босанған бойда басқа отбасыларға берген. Бұл процесс перзентхананың медбикесінің көмегімен іске асқан.

Айыптау тарапы әрбір жағдайдың қаржылық сыйақымен қатар жүргенін алға тартады — нақты айтқанда, әр бала үшін 3 миллион теңгеден берілген. Құжаттарда биологиялық ана болашақ асыраушыны ресми түрде «әкесі» ретінде көрсетіп, кейін оның зайыбы баланы заңды жолмен асырап алған.

Бастапқыда іс адам саудасы бабымен тергелген. Кейінірек Қылмыстық кодекстің анағұрлым жеңіл — «кәмелетке толмаған баланы заңсыз сыйға тарту» бабы бойынша қайта сараланды. Алайда бұл бап та ауыр қылмыс санатына жатады. Мемлекеттік айыптаушы барлық қатысушыға 8 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

— Әйел адам шағын ауылда тұрады. Некесіз балалы болу оның абыройына нұқсан келтіретін еді. Сондықтан ол сәбилерін басқа отбасыларға беруді жөн санаған. Бұл — заң тұрғысынан «сыйға тарту» болғанымен, мәні өзгермейді — мәміле саналады, — деп мәлімдеді прокурор Нұрбек Құзбақов.

Айыпталушылар өз кінәсін мойындамайды. Биологиялық ана ешқандай ақша алмағанын айтып, жалғыз мақсаты — балаларын жетімдер үйіне түсірмей, оларды толыққанды отбасына табыстау болғанын алға тартуда.

Қорғаушылар да бұл әрекетті «сауда» емес, әлеуметтік негізі бар шешім деп түсіндіреді.

— Ол балалардың интернатқа емес, сүйіспеншілік пен қамқорлыққа толы отбасында өсуін қалаған. Бұл сату емес. Бұл — дәстүр мен әлеуметтік жауапкершілікке негізделген қадам. Қазақ ешқашан баланы жетім қалдырмаған, — дейді қорғаушы тарап.

Бүгінде үш жасар қыз бен екі жастағы ұл қайтадан асырап алған отбасына уақытша қайтарылған. Бұл шешім олардың психоэмоционалдық жағдайының нашарлауына байланысты қабылданған. Балалар соңғы шешім шыққанша сол үйлерде болады.

Соттағы тараптардың жарыссөзі өтті, үкім әлі жарияланған жоқ.

Осыған дейін Қарағанды стансасының маңында жолаушы әйел жаңа туған шақалақты пойыздың терезесінен лақтырып жібергені жайлы хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар