Қарағандыда жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан оқушыны көлік қағып кетті

қаза тапты
Фото: Kazinform

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Бүгін таңертең Қарағанды көшелерінің бірінде жол талғамайтын көлік 12 жасар оқушыны қағып кетті. Жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан бала алған жарақаттары салдарынан көз жұмды, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің тілшісі.

Жайсыз оқиға бүгін таңертең сағат 8.00 шамасында болды.

«Тойота» жол талғамайтын көлігін басқарған 51 жастағы жүргізуші Аманжолов көшесімен келе жатқан. Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, реттелмейтін жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан 12 жасар оқушыны қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші алған жарақаттарынан медициналық мекемеде қайтыс болды. ЖКО фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Ернат Қалиақпаров.

Оқиға орнында түсірілген бейне әлеуметтік желілерде тарап жатыр. Желі пайдаланушылары бұл жаяу жүргіншілер өткелінің өте қауіпті екенін және жүргізушілер әрдайым тоқтай бермейтінін айтады.

Өз кезегінде полиция департаменті жол қозғалысының қатысушыларын өте мұқият болуға және жылдамдық режимін сақтауға шақырады.

Соңғы жаңалықтар