Қарағандыдағы № 3 емхана пациенттері мекеменің сенімгерлік басқаруға өтуіне қарсы

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды қаласының тұрғындары мен № 3 емхана ұжымы медициналық ұйымды Қарағанды медициналық университетінің сенімгерлік басқаруына беру туралы бастамаға алаңдаушылық білдіріп отыр. Халық ақпараттың жеткіліксіздігін айтып, түсіндіру жұмыстарының ашық жүргізілуін талап етеді.

Қарағандыдағы № 3 емхана
Фото: Kazinform

Ал жергілікті билік әзірге ешқандай түпкілікті шешім қабылданбағанын, мәселе тек талқылау деңгейінде тұрғанын мәлімдеді.

№ 3 емхананың ұжымы мекеменің Қарағанды медициналық университетіне сенімгерлік басқаруға берілуі жөніндегі ұсынысқа байланысты ресми мәлімдеме таратты. Онда бұл медициналық ұйымның тұрақты жұмыс істеп тұрғаны, жоғары тиімділік көрсетіп отырғаны және аймақтағы АМСК ұйымдары арасында жоғары аккредитациялық санаты бар жалғыз мекеме екені ерекше атап өтілген.

Қарағандыдағы № 3 емхана
Фото: Kazinform

Емханада 454 маман еңбек етеді, 61 мыңнан аса тұрғын тіркелген. Мұнда мемлекеттік бағдарламалар табысты жүзеге асырылып, халыққа кеңейтілген көлемде медициналық қызмет көрсетіледі. Ұжымның айтуынша, емхана қазіргі деңгейін сақтай отырып әрі қарай да дамуға, тиімді қызмет етуге толық мүмкіндігі бар және ол үшін ұйымдық бағынысты өзгертудің қажеттілігі жоқ.
Аталған бастама тұрғындар арасында дүрбелең тудырды. Халық бұл ұсыныстың кенеттен пайда болғанын, ал ресми түсіндірме әлі берілмегенін айтады.

— Бұл хабарлама жұртты дүрліктірді. Көршілес елдердегі оңтайландыру тәжірибелерін жақсы білеміз, сол жағдай бізде де қайталана ма деген алаң бар. Не болатынын түсінбей отырмыз. Медуниверситеттің басқаруы нені білдіреді? Қызметті қалай аламыз? Неге халықпен ашық сөйлеспейді? Бізге алға қандай жоспар құрылғанын және неліктен ұсынылып отырғанын түсіндіруі керек, — дейді Қарағанды тұрғыны Александр Рақымжанов.

Ол тұрғындардың емхана басшылығымен кездесу өткізіп, ықтимал өзгерістер бойынша жан-жақты ақпарат алғысы келетінін жеткізеді.

№ 3 емханаға тіркелген басқа тұрғындар да басқару медуниверситетке берілсе, сапа төмендеп, тәжірибеден өтушілердің саны көбейеді деген қауіп бар екенін айтады.

— Мен бұл жерде 5–6 жылдан бері ем аламын. Бұл — қаладағы ең жақсы емхана, өз тәжірибемнен білемін. Бірақ ешкім алдын ала ескерткен жоқ. Жеке қолға берілсе, қызмет сапасы төмендеп, тегін қызметтер қысқаруы мүмкін деп қорқамыз. Мұндағы дәрігерлер өте білікті, кезек жоқ — сонда не үшін дәл осы емхананы өзгертпек? — дейді қала тұрғыны Айша Жұмабекова.

Қарағандыдағы № 3 емхана
Фото: Kazinform

Пациенттер кез келген реформаның ашық талқыланбай, құпия жүргізілгеніне де наразы.

— Шешім жасырын қабылданғандай әсер қалдырды, бұл біз үшін күтпеген жайт болды. Халық білікті дәрігерлерді басқа емханаларға ауыстырып, бұл жерге студенттерді қалдырады деп алаңдайды. Біз тәжірибе алаңы болғымыз келмейді. Мұндай шешімдер қоғамдық тыңдау, түсініктеме, нақты дәлелдермен қабылдануы тиіс, — дейді қарағандылық Әсия Төлеубаева.

Оның айтуынша, тұрғындар өз ұстанымдарын емхана басшылығына ресми түрде жеткізуді жоспарлап отыр, өйткені мұндай маңызды шешім «халық үшін және халықтың қатысуымен» қабылдануы қажет.

Мәселеге қатысты билік те түсініктеме берді.

Қарағандыдағы № 3 емхана
Фото: Kazinform

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков басқаруға беру жөніндегі мәселенің қарастырылып жатқанын растады. Алайда ол бұл — әзірге тек министрлік деңгейінде түскен ұсыныс екенін баса айтты.

— Бұл — біздің ұсыныс емес. Бастама министрлік тарапынан келді. Қазір тек қарап жатырмыз. Егер медуниверситет біздің талаптарымызды қабылдап, қажетті инвестиция құюға келіссе, онда талқылаудың екінші кезеңіне өтеміз. Әзірге ешқандай шешім қабылданған жоқ, — деді өңір басшысының орынбасары.

№ 3 емханаға қатысты жағдай талқылау барысында болғанымен, қоғам ашықтық пен айқындықты талап етіп отыр. Тұрғындар нақты түсіндірме күтеді, емхана ұжымы қазіргі форматты сақтай отырып жұмыс істеуге дайын екенін білдіреді, ал билік шешім әлі қабылданбағанын айтады.

Айта кетейік, осыған дейін Алматыдағы жаңа емхананың құрылысы аяқталғалы жатқанын хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар