Қарағандыдағы саяжай алқабында ер адам мен әйелді атып кеткен
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында саяжай қоғамдастығының аумағынан оқ жарақаты бар екі адамның денесі табылды. Полиция қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 56 жастағы ер адамды ұстады.
6 қыркүйекте Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданындағы саяжай қоғамдастықтарының бірінен 43 жастағы ер адам мен 55 жастағы әйелдің денесі табылған. Екеуінің де денесінен оқ жарақатының белгілері анықталды.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды.
— Жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, 56 жастағы ер адам ұсталды, — деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметінше, ұсталған азамат қылмыс жасағанын мойындаған.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Қызылорда облысының Арал ауданында полиция қызметкерінің мәйіті табылғаны туралы мәлімдеген болатынбыз.