Қарағандыдағы жоғары оқу орнында үш студент туберкулез жұқтырған
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағандыдағы Е.А. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ-нің студенттері арасында туберкулезбен сырқаттанудың үш жағдайы анықталды. Мамандар байланыста болған адамдарды анықтап, індетке қарсы іс-шаралар жүргізіп жатыр. Бұл ретте оқу орнында карантин енгізілгені туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді деп мәлімдеді мамандар.
Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Аймағанбетовтің айтуынша, үш жағдай туралы ақпарат мамандарға кеше кешке түскен.
— Бүгінгі таңда бізде үш жағдай тіркелді. Әлеуметтік желілерде тарап жатқан он жағдай туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қазір эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатыр. Оның аясында науқастармен байланыста болған адамдардың, яғни жақын және алыс байланыста болғандарды анықтап жатырмыз, — деді Нұрлан Аймағанбетов.
Оның айтуынша, сырқаттанған студенттер әртүрлі факультеттерде білім алады. Олардың арасында журналистика, биология және шет тілдері бағыттары бар. Студенттер бір жатақханада тұрмайды, жалдамалы пәтерлерде тұрады.
— Үш студент те әртүрлі корпуста және әртүрлі факультетте оқиды. Олар бір жатақханада тұрмайды. Сондықтан әзірге жатақханада ортақ инфекция ошағы бар деп айтуға негіз жоқ. Студенттердің бірі Батыс Қазақстан облысынан келген, қалған екеуі — Қарағанды қаласының тұрғындары, — деп атап өтті аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.
Ауру жағдайлары анықталғаннан кейін мамандар екі оқу корпусында, сондай-ақ науқастардың тұрғылықты жерлерінде қорытынды дезинфекция жүргізді.
— Екі корпуста және тұрғылықты жерлердегі ошақтарда қорытынды дезинфекция жүргізілді. Дезинфекциялық іс-шаралар кезінде үй-жайлар адамдардан босатылады. Карантин енгізілді деген ақпараттың пайда болуына осы жағдай себеп болуы мүмкін, — деп түсіндірді Нұрлан Аймағанбетов.
Сонымен қатар ол оқу орнында карантин енгізілмегенін атап өтті.
— Оқу орнында ешқандай карантин енгізілген жоқ. Қазір індетке қарсы іс-шаралар жүргізіліп, байланыста болған адамдарға медициналық бақылау ұйымдастырылып жатыр, — деді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.
Аталған жағдайға қатысты университет тарапы да түсініктеме берді.
— Іс-шаралар жүргізілген кезеңде жекелеген топтар уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Жақын байланыста болған адамдар мамандардың ұсынымдарына сәйкес 14 күн бойы медициналық бақылауда болады. Бұдан бөлек, студенттер арасында қосымша профилактикалық медициналық тексеру ұйымдастырылды, — деп мәлімдеді Е.А. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ баспасөз қызметі.
Мамандар сондай-ақ сырқаттанған студенттердің профилактикалық медициналық тексеруден және флюорографиядан қашан өткенін анықтап жатыр. Бұл мәліметтер ықтимал байланыстарды белгілеу және науқастармен бірге болған адамдарды одан әрі бақылау үшін қажет.
— Қазір студенттердің флюорографиядан және медициналық тексеруден қашан өткенін анықтап, барлық байланысты тексеріп жатырмыз. Алдағы уақытта жақын байланыста болған адамдар белгіленген тәртіпке сәйкес медициналық бақылауда болады, — деп хабарлады Нұрлан Аймағанбетов.
Маманның айтуынша, әзірге инфекцияның нақты қай жерде жұққанын және аурудың ортақ көзі бар-жоғын айтуға ерте.
Эпидемиологиялық тексеру жалғасып жатыр.
Мамандар инфекцияның таралу қаупі, атап айтқанда, аурудың түріне байланысты екенін де түсіндірді.
— Егер туберкулездің қоздырғышы сыртқы ортаға бөлінетін ашық түрі туралы айтатын болсақ, инфекция тығыз қарым-қатынас кезінде ауа-тамшы жолы арқылы берілуі мүмкін. Алайда осы үш студенттің ауру түрі мен эпидемиологиялық тұрғыдан қаншалықты қауіпті екені әзірге анықталып жатыр. Тексеру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, — деп атап өтті аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.
Қазіргі уақытта мамандар эпидемиологиялық тексеруді жалғастырып, байланыста болған адамдардың шеңберін анықтап, қажетті індетке қарсы іс-шараларды жүргізіп жатыр.
— Жағдай университет басшылығының бақылауында. Санитариялық қызметтердің ұсынымдарына сәйкес қабылданып жатқан уақытша нысаналы шараларды қоспағанда, оқу үдерісі штаттық режимде жалғасып жатыр, — деп қосты Е.А. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ баспасөз қызметі.
Бұған дейін СҚО-да туберкулез жұқтырған 170 науқас үй жағдайында ем қабылдап жатқанын хабарлаған болатынбыз.