Қарағандыдағы жоғары оқу орнының түлектерін оқу орнынан тікелей әскерге алып кетіп жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағандыда диплом қорғап бітпестен түлектерді ұстап алып, әскери бөлімшеге күшпен алып кетіп жатқаны туралы оқиға әлеуметтік желілерде үлкен шу шығарды. Студенттердің туыстары қысым көрсетіліп, қорқыту болғанын және заңсыз ұсталғандарын мәлімдесе, Қорғаныс министрлігі бұл жағдайға байланысты тексеру басталғанын хабарлады.

Армия
Фото: Александр Павский/Kazinform

Қарағандыда техникалық университет түлектеріне қатысты жанжал өршіп тұр. Туыстарының айтуынша, дипломдық жұмыстарын қорғап шыққан студенттерді бірден әскери комиссариат қызметкерлері алып кеткен. Бұл туралы студенттердің бірінің әпкесі әлеуметтік желіде жариялады. https://www.instagram.com/reel/DYyVknno32j/?igsh=MTEzOGQycHVnZjlyMA==

Оның айтуынша, 23 мамыр күні інісі ҚарТУ-да диплом қорғаған. Алайда қорғау аяқталғаннан кейін студенттерді аудиториядан бірден алып кеткен.

– Сағат 10-нан кейін әскери комиссариат қызметкерлері оларға артқы күнмен шақырту қағаздарын тарата бастады. Қағазда таңғы сағат 09:00-де деректерді нақтылау үшін келуі керек екені көрсетілген. Осыдан кейін жігіттерді күштеп әскери комиссариатқа апарып, медициналық комиссиядан өткізді, – дейді бойжеткен.

Ол інісінің 1 шілдеге дейін әскерге шақыруды кейінге қалдыру құқығы болғанын айтты. Себебі ол оқуын аяқтап, магистратураға түсуді жоспарлаған. Алайда оның сөзінше, әскери комиссариат қызметкерлері диплом қорғағаннан кейін кейінге қалдыру мерзімі күшін жояды деп түсіндірген.

– Маған «Біз оны бермейміз» деді. Кейін егер кедергі жасасақ, оны Приозерскіге емес, одан да алыс – Отарға немесе Шуға жіберетінін айтты. Мұның бәрі қысым мен қорқыту сияқты естілді, - дейді түлектің әпкесі.

Сондай-ақ ол студенттердің әскери комиссариатта бір тәуліктен астам уақыт ұсталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, інісі диплом қорғаудан кейін қолында болған қымбат жабдық пен дипломдық жобасын да тапсырып үлгермеген.

– Оны бірнеше жүз мың теңге тұратын жобасымен бірге диплом қорғаудан тікелей алып кетті. Жігіттерге дөрекі сөйлеп, қорлап, балағат сөздер айтқан. Оларды қылмыскер сияқты көргендей әсер қалдырды, – дейді ол.

Бұдан бөлек, туысының айтуынша, оның інісі Саран қаласында тіркеуде тұрған және сол жердегі әскери комиссариатқа бекітілген. Соған қарамастан, шақыру шаралары Қарағандыда жүргізілген. Оның сөзінше, алып кеткен студенттердің арасында өзге қалалардан келгендер де болған.

Оқиғадан кейін бойжеткен әскери прокуратураға жүгініп, полиция шақырған және Қорғаныс министрлігімен байланысқа шыққан. Оның айтуынша, қоғамда резонанс туындағаннан кейін інісін босатқан.

Қазақстан Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде тараған жарияланымдарға байланысты тексеру басталғанын хабарлады.

– Әлеуметтік желілерде жоғары оқу орындарының түлектеріне дипломдық жұмыстарын қорғағаннан кейін жергілікті әскери басқару органдары тарапынан заңсыз әрекеттер жасалды деген ақпарат таралып жатыр. Аталған факті бойынша азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру шараларын өткізу кезінде заң талаптарының сақталуын қоса алғанда, барлық мән-жайды зерделеу мақсатында тексеру ұйымдастырылды, – деп хабарлады Қарағанды облысының шақыру комиссиясы.

Ведомство мәліметінше, егер заңбұзушылықтар расталса, кінәлі тұлғалар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады.

Еске салсақ, Қазақстанда әскери есепке алу жүйесі заманауи форматқа көшетіні хабарланған болатын.