Қарағандылық полицейлер қалааралық жолдарда жазғы дөңгелегін ауыстырмаған жүргізушілерді кері қайтарып жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Күннің суытуы мен көктайғаққа байланысты Қарағанды облысының полицейлері жолдағы бақылауды күшейтті. Облыс трассаларында қосымша экипаждар қызмет атқарып жатыр, ал жазғы дөңгелегін ауыстырмаған көліктерге уақытша жолға шығуға тыйым салынды.

Қарағандылық полицейлер қалааралық жолдарда жазғы дөңгелегін ауыстырмаған жүргізушілерді кері қайтарды
Фото: Қарағандық облыстық ПД

Ауа температурасының күрт төмендеуі мен жаңбыр аралас қардың жаууына байланысты Қарағанды облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны күшейтілген қызмет режиміне көшті. Бұл шаралар жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, облыстық және республикалық маңызы бар трассаларда апатты жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

Жолдағы бақылауды күшейту үшін полиция экипаждарының саны артты. Бүгін республикалық маңызы бар трассаларға 26 автопатруль мен 55 полиция қызметкері жұмылдырылған. Олар жүргізушілермен профилактикалық әңгіме жүргізіп, жылдамдық режимін сақтау, арақашықтықты сақтау және көліктердің техникалық жағдайын қысқы маусымда қадағалау қажеттігін еске салып жатыр.

Ерекше назар Қарағанды — Астана тас жолына аударылды. Мұнда патрульдік полиция қызметкерлері көліктердің қысқы дөңгелекке ауыстырылған-ауысырылмағанын тексеріп жатыр.

Қарағанды облыстық полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұхановтың айтуынша, бүгін шамамен 30 жүргізуші жазғы шиналармен жүргені үшін жолға шығарылмаған.

— Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қысқы дөңгелекке ауыстырылмаған көліктердің жолға шығуын уақытша шектеп отырмыз. Бұл — формальды шара емес, жүргізушілер мен жолаушылардың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін қабылданған нақты шешім. Егер кеше жаңбыр жауған болса, бүгін ауа температурасы –14 градусқа дейін төмендеп, кейбір учаскелерде көктайғақ болды. Барлық жүргізушілерден түсіністікпен қарауды сұраймыз, — деп атап өтті Медет Нұрмұханов.

Кеше кештен бері облыс орталығында 50-ге жуық ұсақ жол-көлік оқиғасы тіркелген. Негізгі себептері — жылдамдық режимін және арақашықтықты сақтамау, сондай-ақ жазғы дөңгелекпен жүру. Бұл жағдайда зардап шеккендер жоқ.

Полиция департаменті жүргізушілерге ауа райы жағдайын ескеріп, жолда мұқият болуға және аса қажетсіз жағдайда сапарға шықпауға кеңес береді.

Еске салсақ, 4 қараша күні еліміздің бірқатар өңірінде ауа райының нашарлауына байланысты жүргізушілерге жолда абай болу ескертілді

Соңғы жаңалықтар