Қарағандының атышулы ауданы Майқұдық 20 жылда қалай өзгерді
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Майқұдық туралы естігенде, 90-шы жылдары адамдардың бойын үрей билейтін. Атышулы ауданның жаман атағы тек Қарағанды немесе ел ішінде ғана емес, тіпті шетелде де танымал болған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Криминалдық жағдай
«Майқұдық – ғажайып мекен, бір бұрышына кірсең, жоғалып кетесің» - бұл сөзді 90-шы және 2000-шы жылдары әрбір қарағандылық жатқа білетін. Кеңес заманынан кейінгі жылдары бұл тұрғын үй алабына қаланың орталығынан, Михайловкадан және Оңтүстік-Шығыстан (Қарағандының тұрғын алаптары - Авт.) адамдар аса қажет болмаса, бас сұқпауға тырысатын.

Өйткені «майкендік» жігіттердің қылмыстық беделі жайлы білмейтіндер кем де кем болатын. Тіпті ішкі істер органдарының қызметкерлері де кейбір оқиғаларға «көз жұма» қараған. 90-шы жылдары ауданда бірнеше топ болған. Олардың құрамына жасөспірімдер, тіпті ересек жігіттер кіретін.

Қазір сол бұрынғы «даңқтың» ізі де қалмады. Тұрғын алабы айтарлықтай өзгеріп, әлеуметтік жағдайы да жақсарды.
Бірінші кезекте, қылмыстар саны анағұрлым азайды. Статистикаға сүйенсек, 2015 жылы Октябрь ауданында (Бөкейхан атындағы ауданның бұрынғы атауы) бір жылда 4 мыңнан астам қылмыс тіркелген. 10 жыл ішінде бұл көрсеткіш 10 есеге төмендеді. Енді аудан қауіпсіз болып саналады.

Тұрғын үй құрылысы
1 500 гектардан астам аумақта орналасқан және халқы 137 мыңнан асатын Майқұдық Қарағандының ең ескі аудандарының бірі болып саналады. Бастапқыда ол Майқұдық шатқалында жергілікті байдың отбасына тиесілі атаулы кент ретінде пайда болды.

Өткен ғасырдың 20-жылдары мұнда негізінен Ресей мен Украинадан қоныс аударушылар тұратын барактар болған. Барақ кенті бірнеше көмір шахтасының жанында құрылды. Содан кейін тұрғын алабында еңбек жасақтары жинақталып, бүл жерде немістер, орыстар, шешендер, украиндар, еврейлер, литвалықтар, латыштар мен эстондар тату-тәтті өмір сүрді. Бұған дәлел ретінде Майқұдық орталығындағы Берлин ауылын айтуға болады. Онда негізінен жеке үйлер орналасқан.


Тұтастай алғанда, бұл тұрғын үй массивінің біртіндеп «өсуін» басты көше - Магнитогорская көшесінің бойында орналасқан үйлерден байқауға болады. Егер Майқұдықтың түкпірінен қала орталығына қарай өтсек, онда «сталиндік» екі қабатты, үш қабатты және төрт қабатты үйлерді көруге болады. Олар өткен ғасырдың 40-50-жылдары салынған. Осы ауданда 1953 жылы салынған бұрынғы «Спартак» кинотеатрының ғимараты орналасқан.

Айта кету керек, ол өзінің келбетін жақсы сақтап қалды. Сталиндік дәуірдің үйлері де берік. Қала билігі олардың тарихи қасбеттерін сол қалпы сақтап қалуға барынша тырысуда. Әр үй өзіндік ерекшелігімен, өзінің гипстен жасалған өрнектерімен, балкондарымен және қасбетінің түсімен ерекшеленеді. Бұл үйлер 50-ші жылдары салынған Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің аумағында аяқталады.

Жаңа Майқұдық, яғни сіл жаңа үйлер осы жерден басталады. Бұл шағын ауданда бес қабатты «хрущев» үйлері, мектептер, сауда үйлері, мешіт пен шіркеу орналасқан.

Олардан бері жүрсеңіздер, тоғыз қабатты үйлерді көруге болады. Бұл Восток-2, - 3, - 5 ықшамаудандары, Көгілдір тоғандар. Қазір Майқұдықтан шығаберісте жаңа үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып жатыр.


Инфрақұрылымдық және әлеуметтік даму
2022 жылы Майқұдықтың он шақырымдық негізгі артериясы - К. Маркс көшесі - Магнитогорская көшесі бойындағы жол екі жылдық күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды.

Оқу орындарына келетін болсақ, 2024 жылдың желтоқсанында Көгілдір тоғандар шағын ауданында алғашқы «Жайлы мектеп» ашылды. Ол «Томирис» ТК ауданында орналасқан және 1 200 орынға есептелген. Ол жақын маңдағы 77-ші мектептегі жүктемені түсіреді деп жоспарлануда.


Ауданда көптеген тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар пайда болды. Олардың бірі - Геннадий Головкин атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, атақты боксшы дәл осы жерде өскен.

Жуырда Қарағанды тұрғындарымен кездесу барысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев 2025 жылды - Майқұдық және Оңтүстік-Шығыс жылы деп жариялады. Осы екі тұрғын алаптың арасындағы бос жерде 72 га аумақта спорт кластері салынады деп жоспарлануда. Бұдан басқа, учаскеде тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандар салынады.

Жалпы ауданды дамытуға 3,4 млрд теңге бөлінбек. Бұл қаражат саябақтар мен гүлбақтарды күтіп ұстауға, аулаларды қоса алғанда, орамішілік өтпе жолдар мен кіре берістерді абаттандыруға, гүлбақтарды ағымдағы жөндеуге, тротуарлар жасауға, ауданды безендіруге, сондай-ақ «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 1,7 млрд теңге сомаға 43 жобаны жүзеге асыруға жұмсалады.



