Қарағандының жолдарында 800-ден астам құқық бұзушылық анықталды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған ауқымды профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл шаралар өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтып, жол қозғалысы мәдениетін арттыруға бағытталған.
Іс-шараға учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция батальоны мен полкінің қызметкерлері, сондай-ақ Ұлттық ұлан жауынгерлері жұмылдырылды.
Рейд барысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы басшылығының тікелей бақылауында өтті.
Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Какимовтың айтуынша, мұндағы басты мақсат — жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Алайда жүргізілген профилактикалық шараларға қарамастан, бір тәулік ішінде облыс бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзудың 800-ден астам дерегі тіркелген. Оның ішінде 70 жағдай өрескел құқық бұзушылық санатына жатады.
Бұған дейін Қарағандыда зейнеткерді азаптаған бір топ жасөспірімнің сотталғанын хабарладық.