Қарағанды көмір бассейнінде 4 жаңа шахта іске қосылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды көмір бассейнінің өндірістік қуатын арттыру мақсатында 4 жаңа шахтаны іске қосу көзделіп отыр, деп хабарлады 24 kz.

Қарағанды көмір бассейнінде 4 жаңа шахта іске қосылмақ

Сейсенбіде Астанада өткен халықаралық тау-кен саласына арналған форум қатысушылары аталған жобаларды жүзеге асырудың тиімділігін талқылады. Осы ретте еліміздің еңбек сіңірген кеншісі Николай Дрижд көмір өндірісін өркендетуге бағытталған тың ізденістерін жариялады. Оның айтуынша, Сарыарқаның қойнауында аталған өнімнің әлі 8 миллиард тоннасы бар. Бұл көрсеткіш бүгінге дейін өндірілген көмір мөлшерінен 8 есе көп.

-Жаңа шахталардың іске қосылуымен метанның да мол қорын игеруге болады, -дейді ғалым. Оның үстіне Қарағанды көмірі қазір Еуропаға экспортталады. - Біздің бассейнде бірнеше шахтаның құрылысына қажетті жобалар әзірлену үстінде. Бүгінде бір жоба толық дайын. Бірақ өндіріс қуаттылығын арттырумен бірге кеншілер қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Яғни шахталардың газдалу көрсеткіші азайтылса деген ой бар. Жалпы онда жердің әр қабатындағы газдың мөлшері 30 текше метрге жетеді. Оны азайту арқылы энергетикаға қажетті таза метан алуға болады, - деді ҚР Еңбек сіңірген кеншісі Николай Дрижд. фото: 1prime.ru