Қарағанды кремний зауытының өнімі АҚШ, Ресей және Еуропа елдерінің нарығына шығарылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды кремний зауытының өнімі АҚШ, Ресей және Еуропа елдерінің нарығына шығарылуда. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Тау-Кен Самұрық» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Қылышбек Ізбасқанов мәлім етті.

Қарағанды кремний зауытының өнімі АҚШ, Ресей және Еуропа елдерінің нарығына шығарылуда

Оның атап өтуінше, 2010 жылы Қарағанды облысындағы кремний өндіретін жаңа зауыт пайдалануға берілгенімен кейіннен бірқатар себеппен өндірісін тоқтатқан. Бірақ, осыдан 2 жыл бұрын зауытты қайта іске қосу туралы шешім қабылданған.

«2014 жылы біз осы жұмыстарды қолға алған едік. Бірінші пешті іске қостық, екіншісін күрделі жөндеуден өткіземіз. Бұған қоса, Ақтас ауылдағы кен орнынан кварц шығып, ол зауытта шикізат ретінде пайдаланылуда. Өндіріске қажет барлық технологияларды зерделедік. 2014 жылы қыркүйекте зауытттың бірінші пешін іске қосқан болатынбыз», - деді ол.

Қ.Ізбасқановтың сөзіне қарағанда, өткен жылы зауыт 1 мың 834 тонна кремний өндірген болатын. Бүгінде шығарылатын өнім көлемі бірнеше есе өсіп отыр. Нақты айтқанда, ағымдағы жылы 6 мың тоннадан астам кремний алынды.

«Дайын өнімдерді АҚШ, Ресей және Еуропа елдеріне экспорттап отырмыз. Ал зауыттың күрделі жөндеуден өткен екінші пешін биылғы қыркүйекте қосқан едік. Соңғы екі айда 1 мың тоннаға жуық өнім өндіруге қол жеткіздік»,- деді Қ.Ізбасқанов.