Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қарағанды облысы әкімінің есептік кездесуіне бейнеконференцияның арқасында шалғайдағы аудандардың 4500-ден астам тұрғыны қатысты

ҚАРАҒАНДЫ. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов бүгін тұрғындармен есептік кездесуін өткізді.

Қарағанды облысы әкімінің есептік кездесуіне бейнеконференцияның арқасында шалғайдағы аудандардың 4500-ден астам тұрғыны қатысты

«Бұл кездесу барлық деңгейдегі әкімдердің есептік науқанын қорытындылайды. Жалпы 663 есеп беру кездесулері өтіп, оларға 77 мыңнан аса адам қатысты. Бүгінгі есептік кездесуге бейнеконференцияның арқасында шалғайдағы аудандар мен қалалардың 4500-ден астам тұрғыны қатысуда», - деп атап өтті облыс әкімі.

Бейнеконференциялық байланыстың арқасында кездесуге Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ақтоғай, Қарқаралы, Нұра және Ұлытау аудандарының тұрғындары да қатысуға мүмкіндік алды.

Облыс әкімі өз баяндамасында биылғы жылғы есептік кездесулер ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге құрамыз!» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы аясында өткізілгендігін айтты. Онда Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген толайым табыстарына жан-жақты талдауы жасалды. Осынау жетістіктерді одан әрі молайтып, дамыта түсу үшін алдымызға жаңа міндеттер қойылды.

- Осы міндеттерді жүзеге асыруға еліміздің аса ірі өнеркәсіптік орталығы Қарағанды облысы да өңірлік деңгейде үлкен үлес қоса алады. Оған қажетті әлеует бізде жеткілікті, әрі өткен жылдың қорытындысы да осы сөзімізге айқын дәлел бола алады, - деп атап өтті аймақ басшысы.

«Өнеркәсіптік өнім көлемі соңғы жылдары бірінші рет 1 триллион теңгеден асып, 2009 жылдағы көрсеткіштен бұл нәтиженің 5,9% артық болғанын ерекше атап өткеніміз жөн. Аймақ экономикасын жаң­ғырту мақсатында 230 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен 2009 жылғы инвестиция көлемінен 15 миллиард теңгеге артты. Бюджеттің шығыс және кіріс бөліктері ұлғайды. Орташа ақшалай табыс, орташа айлық жалақы және тұрғындардың банктерге салымы сияқты әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер де артып отыр», - деп атап өтті облыс әкімі .

Кездесудің қорытынды бөлімі залда жиналғандар мен облыс басшысымен бейнеконференция байланысы арқылы тікелей тілдесуге мүмкіндік алған өңір жұртшылығының сұрақ-жауаптарына арналды.

Халық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік, елді мекендерді абаттандыру және балабақшалар құрылысы, экология мен спортты дамыту мәселелері бойынша көкейінде жүрген сұрақтарын қойды.

Сондай-ақ кездесуде метан газын өнеркәсіптік өндіру жобасын жүзеге асыру, 12 жылдық білім беруге көшу, қысқы спорт түрлерін дамыту, энергия үнемдеуші технологияларды енгізу, автомобиль жолдарын жөндеу, Қарағандыда интеллектуалдық мектеп құрылысын салу және басқа да мәселелер көтерілді.

Кездесуге ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы Сапархан Омаров, сондай-ақ ел Парламенті Сенатының депутаттары Серік Ақылбай мен Юрий Кубайчук қатысты.