Қарағанды облысы: Биыл Молодёжный кентіне дейінгі жол жөнделеді

Аудан әкімі Нұркен Қобжанов биыл «Осакаров - Молодёжный» автожолы жөнделетінін айтып, тұрғындарды бір қуантты. Тозығы жеткен жолмен жүру жергілікті халық үшін қиынға соғып, билік өкілдерінен сол аралықты жөндеуді өтінген болатын. Осы жылы автожолдың жөндеу жұмыстарына 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Әкім кент ішіндегі көше арасындағы жолдардың жөнделетіні туралы да тоқтала кетті. Оның айтуынша, 50 млн теңге қаржы аудан орталығының үш көшесін жақсартуға жұмсалады.
Нұркен Қобжанов өткен жылы бюджеттік қаржы есебінен Сенокосное, Трудовое, Мирное, Звёздное ауылдарына барар жолдар қалыпқа келтірілгенін еске салды.
Басты назарда, сонымен қатар, Молодёжный кентіндегі жылумен қамту мәселесі болып отыр. «2018 жылы кенттің екі қазандығы жөндеуден өткізілді. Биыл №7 қазандық пен жылу құбырларына ағымдағы жөндеулер жүргізу үшін қаражат қарастырылды»,- дейді аудан әкімі.
Келесі өзекті мәселе - сапалы ауыз сумен қамту. Әкімнің мәліметінше, биыл Осакаров кенті, Есіл ауылы және Шоқай стансасындағы су құбырларын қалыпқа келтіруге 390,1 млн теңге бөлінді. Тағы бес жоба бойынша сметалар құрылады.
«Тоғыз елді мекендегі мектептерді жөндеуге 191 млн теңге бөлінген. Балалар қауіпсіздігін ескере келе, Елбасы барлық оқу орындарын бейнебақылау жүйесімен қамтуды тапсырған болатын. Жергілікті бюджетте бұл мақсаттарға 7 млн теңге қарастырылды. Тағы 6 млн теңге мектеп жанындағы интернаттарға күрделі жөндеуден соң жаңа жиһаз бен тұрмыстық техника сатып алуға бөлінеді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түзеу кабинеттеріне қажетті жабдықтар сатып алынады», - деп мәлімдеді Нұркен Қобжанов.
Оның айтуынша, ауданның алты ауылында биыл жаңа бас жоспарлар құрылады.