Қарағанды облысында 4 адам жапа шеккен ұшақтың құлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды

ҚАРАҒАНДЫ. 9 шілде. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында «Вильга» маркалы жекеменшік ұшақтың құлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Апаттың кесірінен 4 адам зардап шеккен. Бұл туралы Қарағанды көлік прокуроры Абылайбек Ордабаев хабарлады.
None
None

«Аталған факті бойынша көлік прокуратурасы 295-баптың «Жол жүру қауіпсіздігін бұзу және теміржол, әуе немесе су көліктерін пайдаланғаны үшін» деген 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жалғасып жатыр», - деді А.Ордабаев.

Сонымен қатар, болған жағдайдың себептері мен мән-жайын анықтау үшін ҚР Көлік және коммуникация министрлігі өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылды.

«Ұшақ ұшып-қону жолында аударылды. Олар тіпті ұшып та үлгермеді. Енді ғана қозғалған болатын. Не себепті бұлай болғанын анықтаймыз», - деп атап өтті көлік прокуроры.

Көлік прокурорының сөзіне қарағанда, жапа шеккендерден әлі жауап алынған жоқ.

Зардап шеккендердің үшеуі - Теміртау орталық ауруханасында, біреуін Қарағанды облыстық медициналық орталығына ауыстырыпты. Дәрігерлер олардың жағдайларын бір қалыпты дейді.

Белгілі болғандай, аталған ұшып-қону айлағы кеңестік дәуірде ауылшаруашылығы авиациясы үшін қолданылған. Көп уақыт бойы қолданылмай келген, ал жақында соттың шешімімен бұл нысан Бұқар жырау ауданының билік өкілдерінің коммуналдық меншігіне берілген.

Осыған дейін Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сілтеме жасай отырып хабарланғандай, Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында Ростовка елді-мекенінен 3 шақырым жердегі ұшу жолында дүйсенбі күні кешкі жеті кезінде «Вильга» маркалы жекеменшік ұшақтың әуеге көтерілуі кезінде апат орын алды. Одан 4 адам жапа шегіп, оның ішінде ұшқыш та бар, ауруханаға жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар