Қарағанды облысында 607 гектар орманды-далалық алқапты өрт шалды - ҚР ТЖМ
АСТАНА. 12 тамыз. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында 607 гектар орманды-далалық алқапты өрт шалды, деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Сенбі күні, 11 тамызда Қарағанды облысында Қарағайлы ауылдық округінің аумағында орманды-далалық алқапта өрт болды. Жалын 607 гектар (оның ішінде 600 га далалық алқап және 7 гектар орман) алқапты шарпыды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ, деп нақтылады құтқарушылар.
Өрт бүгін 03 сағат 05 минутта сөндірілді. Оған ҚР ТЖМ Қарағанды облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметінің 12 адамнан құралған жеке құрамы және 4 бірлік техникасы; ерікті өрт сөндіру құрылымы мен орман шаруашылығының 29 адамы мен 5 бірлік техникасы жұмылдырылды.