08:14, 04 Желтоқсан 2012 | GMT +5
Қарағанды облысында 7 келіден астам героин тасымалдаған Қырғызстан азаматы ұсталды
ҚАРАҒАНДЫ. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында 7 келіден астам героинмен Қырғызстан азаматы ұсталды, деп хабарлады облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.

Полицияның берген ақпарына зер салсақ, полиция қызметкерлері «Алматы-Екатеринбор» тас жолында Қарағанды облысының Балқаш қаласынан 10 шақырым жерде «Мерседес» көлігін ұстаған. Оның ішінде жолаушы ретінде шетелдің азаматы болған. Келіп түскен жедел ақпаратқа қарағанда, Қырғызстан азаматы аса ірі көлемде есірткі затын тасымалдаған. Ол Қарағанды облысы бойынша ІІД есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері Жамбыл облысы бойынша ІІД ЕБК және Қазақстан ІІМ ҰҚК-мен бірлесе отырып жүргізген операция барысында ұсталды.
«Қырғызстан азаматының сөмкесінен ақ түсті ұнтақ салынған 5 түйілген орама тәркіленді. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген зат салмағы 7 келі 258 грамм «героин» болып шықты», - делінген хабарламада.