Қарағанды облысында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту жөніндегі стратегия әзірленді
ҚАРАҒАНДЫ. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысында алдағы жылдары асыл тұқымды мал шаруашылығының дамуына көп көңіл бөлу жоспарланып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, облыстың агроөнеркәсіптік кешенін 2020 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы осы мақсатқа бағытталған.
"Тұжырымдамада көрсетілетін шараларды жүзеге асыра отырып, 2015 жылға қарай асыл тұқымды мал шаруашылығындағы іріқара малы басының үлесін 5 пайызға, қойдың салмақ үлесін 10 пайызға, шошқа санын 25 пайызға, жылқы санын 5 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік туады", - деп аталып өтілген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы таратқан ақпаратында. 2020 жылға қарай асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуда халықаралық стандарттарға қол жеткізу міндеті тұр.