16:36, 21 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қарағанды облысында азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі шаралардың бірлескен жоспары бекітілді
ҚАРАҒАНДЫ. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысының прокуратурасы облыстық ішкі істер, еңбек және әлеуметтік қорғау, ішкі саясат департаменттерімен және өнеркәсіп және кәсіпкерлік, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларымен бірлесіп азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау шаралары жоспарын бекітті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Осы жоспарға сәйкес мемлекеттік өкілетті органдар жұмыс берушілердің қызметкерлерге еңбекақыларын дер кезінде төлеуге, сондай-ақ қызметкерлер санын қысқарту және жұмысшылардың кінәсінен емес жағдайда бос тұрып қалған кезінде еңбек заңнамаларын сақтауға мониторинг жүргізіп отырады», деп түсіндірді баспасөз қызметі. Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне жұмыспен қамту және еңбекақы төлеу проблемалары бар кәсіпорындарға тексеру жүргізу тапсырылды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармалары босаған қызметкерлердің еңбекке орналасуына, оларды оқытуға, қайта даярлауға, біліктілігін арттыруына жәрдемдеседі. Облыстық статистика департаментінің мәліметтеріне қарағанда, бүгінгі таңда орта және ірі кәсіпорындарың еңбекақы жөнінде 323 млн. теңге берешегі қордаланған. Бұл орайда Қарағанды мен Теміртаудың құрылыс ұйымдарында проблемалар бар, олардың көпшілігі қызметкерлердің еңбекақыларын 3 айдан астам уақыт бойы төлемеген.