Қарағанды облысында Балқаш көлінде жоғалып кеткен балықшыларды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр

АСТАНА. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында Балқаш көлінде жоғалып кеткен балықшыларды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлады Қарағанды облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті.

Қарағанды облысында Балқаш көлінде жоғалып кеткен балықшыларды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр

«Қыркүйектің 6-сы күні «ҚазӘуеқұтқару» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының тікұшағы көлдің үстінен ұшып өтіп, 30 шақырым аумақты іздеді. Сонымен қатар, ТЖД су-құтқару қызметі Балқаш қаласы су-құтқару қызметі «Орион» құтқару қайығының сүңгуірлерімен бірге (6 адам мен 1 техника) жергілікті халық та іздеу жұмыстарын жалғастыруда (24 адам мен 1 техника). Іздеу жұмыстары нәтижесін бермей отыр», - делінген таратылған ақпаратта.

Бұрын хабарланғандай, 18 және 20 жастағы екі жігіт өткен жұма, қыркүйектің 3-і күні кешке Тасарал ауылдық округінің Ақтөбе-Қарағаш ауданында (Балқаш қаласынан 90-100 шақырым) қайыққа мініп Балқаш көліне шыққан. Келесі күні таңертең туыс-туғандары олардың жоғалып кеткендігі туралы хабар береді.

Сондай-ақ қыркүйектің 4-і күні Балқаш көлінен 8 шақырым жердегі «Ақ тас» демалу аймағының ауданында суға кеткен 54 жастағы балықшыны іздеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. ТЖД су-құтқару қызметі Балқаш қаласы су-құтқару қызметінің сүңгуірлері 8 метр тереңдіктегі 1200 шаршы метр көл аумағын түгелдей қарап шыққан. Бүгінгі таңға дейін іздеу жұмыстарының оң нәтижесі шықпады.