Қарағанды облысында биыл балабақшаларда 2 мыңға жуық жаңа орын ашылды
Мектепке дейінгі білім беру саласында өзара тиімді ынтымақтастықтың қалай құрылып жатқандығы туралы облыстың білім басқармасында айтылды.
«Қарағанды облысында бүгінде 411 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оларға бір жастан алты жасқа дейінгі 40 мыңнан астам бала барады. Өңірде мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамту 79,5%-құрайды. Келесі жылы 82,6%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жаңа орындарды негізінен жеке инвесторлар есебінен құрамыз. Кәсіпкерлер қолайлы ғимарат тауып, балабақшалар ашып, оларды талаптарға сай жабдықтайды, ал біз мемлекеттік тапсырыс береміз», – деді мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы Әсел Таукенова.
Бір балаға мемлекеттік тапсырыс сомасы жыл сайын ұлғайып келеді. Биыл ол қалада 41 718 теңгені, ауылда 45 869 теңгені құрады. Есептеулерге коммуналдық қызметтер, ғимаратты күтіп ұстау және қызметкерлердің жалақысын қамтамасыз ету шығындары кіреді.
Мысалы, Абай ауданында балабақшаларға кезек үлкен болды. Әлбетте бұл мәселе шешілді. Өткен жылы кәсіпкерлердің бірі Абайда бос тұрған ғимаратты сатып алып, жөндеп, сол жерде балабақша ашып, мемлекеттік тапсырыс алды.
Қазір оған 350 бала келеді. Жаңа балабақшаны 550 орынға дейін кеңейту мүмкіндігі бар.
Әсел Таукенова жекеменшік балабақшаларға қойылатын талаптар қатайғанын атап өтті. Тамыз айында мемлекеттік тапсырысты орналастыру ережелеріне өзгерістер енгізілді. Қазір конкурс өткізу кезінде педагогтардың дипломдары қоса беріледі. Қауіпсіздік камералары мен дабыл түймелері болуы керек. Құрамына мемлекеттік қызметшілерден басқа мәслихат депутаттары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіретін комиссия сол жерге келіп, талаптарға сәйкестігін тексереді.
«Әр қала мен аудан бойынша балаларды орындармен толық қамтамасыз ету үшін қанша мектепке дейінгі ұйым ашу керектігі жайлы 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жоспар жасалды», – деп толықтырды Әсел Тәукенова.
Фото: gov.kz