Қарағанды облысында биылғы жылы есірткі тасымалдаудың 14 ірі арнасы жойылды
ҚАРАҒАНДЫ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Биылғы жылы Қарағанды облысында полицейлер есірткінің ірі партияларын тасымалдаудың 14 арнасын жойды, деп хабарлайды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.
«Қарағанды облыстық ІІД-нің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы есірткілік заттардың ірі партияларын тасымалдаудың 14 арнасын жойды, 91 есірткі сатушы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Заңсыз айналымнан 286 келіден астам түрлі есірткілік заттар алынды, соның ішінде 25 келі героин болды», - делінеді хабарламада.
Теміртауда каннабис тобындағы есірткіні аса ірі көлемде сатумен айналысқан 7 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді. «Топ мүшелеріне қатысты ҚР ҚК-нің 235 бабының 2 бөлімімен қарастырылған қылмыс құрамы анықталып, расталды және 19 есірткі қылмысын жасау расталды», - деп атап өтілді хабарламада.
Полицияның ақпаратынша, аймақта есірткілік заттарды, есуастандырғыш заттарды және прекурсорларды заңсыз қолдану үшін, сондай-ақ олардың сатылуына немесе медициналық емес тұтынылуына шараларды қолданбау үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған құқық бұзушылардың саны 70 пайызға өсті.